Қазақстан мен Иран арасындағы бірқатар жобалар қазіргі таңда әскери жағдайға байланысты уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Сенат кулуарында Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, қазақстандық бизнес пен кәсіпкерлер әзірге күту режимінде.
«Қазіргі уақытта біздің бизнес өкілдері мен кәсіпкерлер күту жағдайында», – деді Исетов.
Әшімбаевтың айтуынша, ең алдымен астық жеткізу және азық-түлік өнімдерімен алмасу жобалары кідірген болуы мүмкін. Сонымен қатар, вице-министр Қазақстан айтарлықтай қаржылық немесе инвестициялық шығынға ұшырамағанын атап өтті.
«Біздің сауда көлемі аса үлкен болған жоқ, ел экономикасына айтарлықтай әсер етеді деп айту қиын. Дегенмен, Иранмен жақсы серіктестік қатынастар болғанын ескерсек, белгілі бір әсер бар, бірақ ол аса үлкен емес», – деді ол.
Еске сала кетейік, өткен жылдың 1 ақпанында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстан Иранға 60-тан астам тауар түрін, соның ішінде астық, күнбағыс майы және ет өнімдерін жеткізуге дайын екенін айтқан болатын. Сол кезде тараптар тауар айналымын 3 млрд долларға дейін ұлғайту мүмкіндігін де талқылаған.
Ал биылғы жылдың наурыз айының басында Үкімет Таяу Шығыстағы шиеленіс Қазақстанның логистикасы мен экономикасына айтарлықтай әсер етпеуі тиіс екенін мәлімдеген еді. Сарапшылар да Иран төңірегіндегі жағдай теңге бағамына айтарлықтай ықпал етеді деп күтпеген.