Ирандағы шиеленіске байланысты Қазақстан азаматтарын эвакуациялау жұмыстары жалғасып жатыр. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, осы уақытқа дейін 52 қазақстандық елге оралған, деп хабарлайды kznews.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, эвакуация басталғаннан бері резидент және резидент емес әуе компанияларының 12 рейсі арқылы 3 300-ден астам азамат Қазақстанға жеткізілген.
Министрлік азаматтарды елге қайтару тек әуе қатынасы арқылы ғана емес, жерүсті жолдары арқылы да жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Мәселен, Ирандағы дипломаттар 6 наурыз күні «Заркух» компаниясында жұмыс істейтін 7 қазақстандықты иран-армян шекарасына жеткізуді жоспарлап отыр.
Бұған дейін Тегеран мен Еревандағы дипломатиялық өкілдіктер Иран аумағында қалған осы компанияның 34 қызметкерінің елден шығуын ұйымдастырған. Олар автобуспен иран-армян шекарасы арқылы өткен.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, өңірдегі Қазақстанның дипломатиялық миссиялары эвакуация толық аяқталғанға дейін үйлестіру жұмыстарын жалғастырып, шиеленіс аймағында жүрген отандастармен тұрақты байланыста болады.
Сонымен қатар ведомство Таяу Шығыс елдерінде жүрген қазақстандықтар саны туралы да мәлімет берді. Қазіргі уақытта Израильде – 163, Қатарда – 3 мыңнан астам, БАӘ-де – 4 мыңнан астам, ал Сауд Арабиясында шамамен 1 800 Қазақстан азаматы бар.
Айта кетейік, 2026 жылдың 28 ақпанында АҚШ пен Израиль Иранға әскери соққы жасаған. Сол күні Иран Израильдегі және бірқатар араб елдеріндегі АҚШ әскери базалары мен нысандарына жауап ретінде шабуыл ұйымдастырған.