Щучинск қаласында болған жарылыстан кейін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жедел штабтың кеңесін өткізді, деп хабарлайды kznews.kz.
Кездесуде өңір басшысы зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына жан-жақты қолдау көрсету, медициналық көмектің үздіксіз әрі уақытылы ұйымдастырылуын қамтамасыз ету және жедел жәрдем бригадаларының тәулік бойы жұмыс істеуін қадағалау жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар ол оқиғаның себептерін жан-жақты әрі объективті тергеуді және қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауды күшейтуді міндеттеді.
"Азаматтардың қауіпсіздігі – басты басымдық. Осы бағытта қосымша ұйымдастырушылық әрі алдын алу шаралары қабылданады. Біз зардап шеккен отбасыларды назардан тыс қалдырмаймыз", – деді облыс әкімі.
Ресми мәліметке сәйкес, қаза тапқан алты отбасыға 2 миллион теңге көлемінде біржолғы төлем берілген. Бұған қоса, дәмхана иесі де әр отбасыға қосымша 2 миллион теңгеден қаржылай көмек көрсеткен.
Өмірлік қиын жағдайға тап болған бес отбасының банктік несиелері демеушілердің қаражаты есебінен жабылатын болды. Сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті әлеуметтік төлемдер тағайындалған.