Төтенше жағдайлар министрлігі Щучинсктегі газ баллоны жарылып, 11 адам қаза тапқан"Центр плова" дәмханасына тексеріс жүргізбеген. Бұл туралы Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Вице-министрдің түсіндіруінше, көлемі 50 литрге дейінгі газ баллондарын пайдаланатын нысандар әкімдіктердің құзыретіне жатады.
«Онда осы мәселені бақылап отыратын газ-техникалық инспекция бар, тиісті жұмыстар жүргізеді. Аталған дәмхана аумағы 300 шаршы метрге дейін болғандықтан, жоғары тәуекел аймағына кірмейді, ол орташа тәуекел аймағында. Сондықтан мұндай нысандар келушілердің шағымы немесе прокурорлық қадағалау негізінде тексеріледі. Сол себепті біздің желі бойынша бұл нысан тексерілмеген», - деді Кеген Тұрсынбаев Сенаттағы брифингте.
Ол сондай-ақ қайғылы оқиғадан кейін Премьер-министрдің тапсырмасымен жұмыс тобы құрылғанын айтты. Басқа да осындай мекемелер тексеріле ме деген сұраққа вице-министр «Барлығы тексеріледі» жауап берді.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға Щучинск қаласындағы "Центр плова" мекемесінде 26 ақпан күні кешке болған. Жарылыс сәті бейнежазбаға түсіп қалған. Ақмола облысы ТЖД мәліметінше, оқиға салдарынан 28 адам зардап шеккен. Олардың 13-і ауруханаға жатқызылып, ал сегізі медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілген.