Жамбыл облысында Шерзат Полаттың өліміне арнаған өлеңдерімен танылған ақын Ербол Бықыбаев ұсталды. Заңгер Дәулетхан Ахметовтің мәліметінше, оған терроризмді насихаттады деген күдік келтіріліп отыр.
Ақынның ұсталғаны туралы ақпаратты заңгер Дәулетхан Ахметов Instagram парақшасында жариялады.
Оның айтуынша, Ербол Бықыбаев Тараз қаласында ұсталған. Қазіргі уақытта ол қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде танылған.
Ақынға қандай күдік келтіріліп отыр?
Дәулетхан Ахметовтің мәліметінше, іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 256-бабының 2-бөлігі бойынша қаралып жатыр.
Аталған бап бұқаралық ақпарат құралдарын немесе ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып терроризмді насихаттауға қатысты.
"Қылмыстық кодекстің 256-бабының екінші бөлігімен терроризмді насихаттау күдігі бойынша ұстап отыр. Бұл бап бойынша жазасы өте ауыр. Жеті жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырады", – деді заңгер.
Заңгер ақынның ұсталуына әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалардың бірі себеп болуы мүмкін екенін болжады. Оның айтуынша, Ербол Бықыбаев тікелей эфирлерінің бірінде діни тақырыпқа қатысты өткір пікір білдірген. Алайда дәл осы бейнежазбаның қылмыстық іс қозғауға негіз болғаны ресми түрде расталған жоқ.