Шерзат ісі: басты айыпталушы 23 жылға сотталды, тағы сегіз адам әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды

Шерзат Полаттың өліміне қатысты атышулы іс бойынша үкім шықты, деп хабарлайды kznews.kz сайты buginmedia.kz порталына сілтеп.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев сот отырысынан кейін сот залында болған шудың видеосын жариялады. Онда кейбір адамдар "Абзал, қой, Құдайдан қайтсын!", "Дидар, қой!" деп айғайлап жатқанын көруге болады.
Айта кетейік, бүгін Талғар аудандық сотында 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты 9 адамға қатысты үкім шығарылды.
Оқиғаның қысқаша мән-жайы
2024 жылдың 4 қазанында Дархан Әскентай мен Шерзат Полат арасында кикілжің туындаған. Полат Әскентайдың бетіне бірнеше соққы жасаған. Бұдан кейін Әскентай досы Нұрбол Тоқтаубаевты шақырған, ол оқиға орнына кәмелет жасқа толмаған баланың басқаруындағы көлікпен келген. Тоқтаубаев өз кезегінде Шыңғыс Белгожаевты шақырған.
Осыдан соң тараптар жақындарын жинай бастаған. Бірнеше минут ішінде оқиға орнына 15-ке жуық адам жиналған. Кикілжің үлкен топтық төбелеске ұласып, соңы пышақ және тас қолданылған қанды оқиғаға айналған. Нәтижесінде, Абзал Шынасыл пышақпен 2007 жылы туған Шерзат Полатты кеуде тұсынан бір рет ұрып, ол жарақат салдарынан қайтыс болған. Сонымен қатар бірнеше адам түрлі жарақат алған.
Сот шешімі
Сот барлық дәлелдемелерді зерттеп, сотталушыларды кінәлі деп таныды.
-
Абзал Шынасыл — адам өлтіру, адам өлтіруге оқталу және бұзақылық баптары бойынша 23 жылға бас бостандығынан айырылды.
-
Равиль Сакиев — адам өлтіруге оқталу және бұзақылық үшін 20 жылға сотталды.
-
Азамат Тоқтаубаев — ұрлық және бұзақылық үшін 15 жыл.
-
Нұрқияс Ильясов — бұзақылық үшін 9 жыл.
-
Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белгожаев және Дидар Қалиахмет — әрқайсысы 7 жылға сотталды.
-
Кәмелет жасқа толмаған Ы. — қылмыс туралы хабарламағаны үшін 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Сот моральдық шығын ретінде Шынасылдан 60 млн теңге, Сакиевтен 30 млн теңге өндіріп алуды бұйырды. Қалған сотталғандардан бұл қаражат ортақ тәртіппен өндіріледі.
Сот сонымен қатар кейбір куәлардың әрекеттерінде қылмыс белгілері болуы мүмкін екенін айтып, прокурорға жекеше қаулы шығарды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.