Қазақстанда мемлекеттік органдар басшыларының қоғамдық кеңестер алдында есеп беру міндетін заңмен бекіту ұсынылды. Сонымен қатар, өңірлердегі өзекті мәселелерді жинақтап, оларды Үкімет пен заң шығарушы органдардың қарауына шығаратын жаңа тетік әзірленбек.
Бұл бастамалар Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошановтың еліміздегі қоғамдық кеңестер өкілдерімен кездесуінде талқыланды, деп хабарлайды kznews.kz.
Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Халық Кеңесі мен өңірлік қоғамдық кеңестер арасындағы байланысты күшейту қажеттігін атап өтті.
Оның айтуынша, басты мақсат – азаматтардың ұсыныстары мен өңірлердегі түйткілді мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды нақты шешімдерге айналдыру.
«Біздің басты міндетіміз – халықтың үніне дер кезінде құлақ асып, талап-тілегін тыңдай білу. Алдағы уақытта осындай басқосуларды тұрақты түрде өткіземіз. Ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін өздеріңізбен бірлесіп жұмыс атқаратын боламыз», – деді Ерлан Қошанов.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 228 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Олардың құрамында 3,5 мыңға жуық адам бар.
Осы әлеуетті тиімді пайдалану үшін Халық Кеңесінің Хатшылығы өңірлерден келіп түсетін ұсыныстар мен жүйелі проблемалар туралы мәліметтерді тұрақты түрде жинақтайды.
Жиналған ақпарат негізінде елдегі өзекті мәселелердің бірыңғай картасын жасау көзделіп отыр.
Бұл қандай проблеманы жергілікті деңгейде шешуге болатынын, қай мәселеге Үкіметтің араласуы немесе заңнамалық өзгеріс қажет екенін анықтауға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік органдардың жауапкершілігі күшеюі мүмкін
Кездесуде көтерілген маңызды бастамалардың бірі – мемлекеттік органдар басшыларының қоғамдық кеңестер алдында жеке есеп беру міндетін заңнамалық тұрғыдан бекіту.
Ұсыныс жүзеге асса, мемлекеттік органдар қоғамдық кеңестердің ұсынымдары бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде тікелей есеп беруге міндеттелуі мүмкін.
Сондай-ақ маңызды мемлекеттік шешімдер қабылданғанға дейін қоғамдық сараптама жүргізуді көздейтін «нөлдік оқылым» тетігі талқыланды.
Бұл тәсіл мемлекеттік бағдарламалар мен нормативтік құқықтық актілер әзірленген кезде ықтимал тәуекелдерді алдын ала бағалауға бағытталған.

Қоғамдық кеңестер туралы заң қайта қаралады
Ерлан Қошанов 2015 жылы қабылданған «Қоғамдық кеңестер туралы» заңға кешенді талдау жүргізу қажеттігін айтты.
Осы мақсатта Халық Кеңесінің бейінді комитеті жанынан арнайы жұмыс тобын құру тапсырылды.
Жұмыс тобы қолданыстағы заң нормаларын Халық Кеңесі туралы Конституциялық заңмен үйлестіру мәселелерін қарастырады.
Сонымен қатар, қоғамдық кеңестерді қалыптастырудың бірыңғай әрі ашық стандарттарын заңнамалық деңгейде бекіту ұсынылды. Бұл бастаманы Халық Кеңесінің мүшесі Нұртай Сабильянов көтерді.

Әр ұсынысқа жауапты адам бекітілуі мүмкін
Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұржан Жақыпов қоғамдық бастамаларды жеке сүйемелдеу тәсілін ұсынды.
Оның мәні – әр бастамаға Халық Кеңесінің бір мүшесін бекітіп, ұсынысты құқықтық тұрғыдан пысықтаудан бастап тиісті деңгейде қарауға дейін сүйемелдеу.
Маңғыстау облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов те өңірлік кеңестер мен Халық Кеңесінің өзара іс-қимылын жетілдіруге қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Бұдан бөлек, өңірлердегі нақты жағдайды көрсететін жыл сайынғы талдамалық «Қоғам баяндамасын» әзірлеу бастамасы көтерілді.
Осылайша, Халық Кеңесі өңірлерден келетін ұсыныстарды жинақтап қана қоймай, олардың мемлекеттік деңгейде қаралуына ықпал ететін жүйе қалыптастыруды көздеп отыр.
Дегенмен мемлекеттік органдар басшыларының есеп беру міндеті мен «нөлдік оқылым» тәртібі әзірге ұсыныс ретінде талқыланған. Оларды міндетті нормаға айналдыру үшін тиісті заңнамалық шешімдер қажет.