Әлемдік музыка жұлдызы Шакира 18 қазанға қараған түні Қырғызстан астанасы Бішкекке ұшып келді. Танымал әншіні «Манас» халықаралық әуежайында Қырғызстанның мемлекеттік қызмет өкілдері мен концерт ұйымдастырушылары күтіп алды, деп хабарлайды kznews.kz.
Бішкекке келгеннен кейін Шакира әлеуметтік желідегі парақшасында суретін жариялап, жергілікті жұртшылыққа сәлем жолдады.
«Салам, Қырғызстан!» – деп жазды әнші Instagram парақшасында.
Айта кетейік, Шакира 18 қазанда Бішкекте жеке концертін өткізеді. Бұл – әншінің Орталық Азиядағы алғашқы жеке шоуы. Осыған байланысты оның Қырғызстанға сапары музыка жанкүйерлері үшін ерекше оқиғаға айналып отыр.
Әншінің Бішкекте өнер көрсететіні туралы ақпаратты қыркүйек айының басында Қырғызстан президенті істері басқармасының басшысы Қаныбек Тұманбаев жариялаған болатын. Ол әлеуметтік желіде Шакирамен бірге түскен видеосын бөлісіп, алдағы концерт туралы хабарлаған еді.