KZNews.kz
Жаңалықтар

“Шетелден оқып кеп, жастарға түрлі бағыт-бағдарды тықпалап жатқандар көп” - дінтанушы

Айжан Сыланова
Фото: видеодан скриншот

Qasqa jol бағдарламасына берген сұхбатында Еуразия ұлттық университетінің дінтану факультетінің доценті, дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы қазақ қоғамындағы діни ахуалға қатысты алаңдаушылығын білдірді. Оның айтуынша, ел ішінде исламға деген көзқарас біртіндеп өзгеріп, діни бірегейлікке сызат түсе бастаған, деп хабарлайды kznews.kz.

«Қазақ қоғамының басым бөлігі мұсылманшылықты өз құндылығы деп санайды. Бірақ бірте-бірте осы басымдық сақтала ма, жоқ әлде осыған да сызат түсе ме деген менде қауіп бар. Себебі мұсылманшылық немесе қазақи діни бірегейлікте үлкен жарықшақтар пайда болып отыр. Қазіргі жастарды тыңдасаң, “мен атеиспін, агностикпін” дейді. Одан кейбіреулер радикализмді үгіттеп, халық исламнан қорқып, мұсылманшылыққа күмән тудыруда. Адамдар оқып, біліп, зерттеп діннен бас тартпайды. Бір мұсылманның қателігін көрсе, “ислам деген осы” деп ойлайды. Сөйтіп мұсылманша болғанша, діннен бас тартқаным артық деген ойға келеді. Сосын тарихтағы баяғы тәңіршілдікті, небір қалып кеткенді ортаға салып жатқан азаматтар бар. Оны радикализмнің балама күші ретінде пайдаланғысы келетіндер де жоқ емес. Қазақтың діни таңдауына осылардан кейін кім араласпай жатыр?

Біз тәуелсіздіктен кейін екі жағдайға дайын болмай қалдық. Біріншісі экономика, екіншісі рухани жағдай. Дәстүріміз сол уақыттары күңгірт тартып, діни тұлғаларымыз да жоқ болды. Халық осылардың артынан ере қойса, бәрі дұрыс болушы еді. Сосын қаншама адам “ұстағанның қолында, тістегеннің аузында” кетіп, шетелден оқып келіп, жастарға әртүрлі бағыт-бағдар беріп жіберді. Киіп-келгенін, көріп келгенін қазаққа әкеп тықпалап, мәдениетімізді, тілімізді құртып, шыны керек, сандықтағы аталарымыздың кітабын оқи алмайтын сауатсыз ұрпақ қалыптастырды», – деді дінтанушы.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →