Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде миллиондаған қазақ баласы өмір сүріп жатыр. Олардың бір бөлігі тарихи атамекенінде отырса, енді бірі тағдыр тәлкегімен диаспораға айналған, деп хабарлайды kznews.kz.
Шетелдегі қазақтардың нақты саны мен олардың шоғырлану географиясы туралы «Отандастар қоры» КеАҚ Вице-президенті Әлібек Жұрқадам мәлімдеді.
Қор өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта шетелдегі қазақ қауымдастығы мен бұрынғы отандастарды зерттеуде үш негізгі таргеттік санат қолданылады. Бұл жүйе әр топтың ерекшелігіне қарай жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Бірінші және ең ауқымды топ – этникалық қазақтар. Олардың басым бөлігі шекара сыртында қалған ежелгі қазақ жерлерінде, яғни автохтонды (индиген) халық ретінде тұрып жатыр.
– Этникалық қазақтардың ресми саны 3,5 миллионнан асады, олар әлемнің 40-қа жуық елінде тұрады. Алайда бейресми сараптамалық деректер бұл көрсеткіш 5-7 миллион аралығында болуы мүмкін екенін көрсетеді. Шетелдегі қазақтардың 90%-дан астамы – индиген қазақтар. Атап айтқанда, Қытайда – 1,6 миллион, Өзбекстанда – 821,2 мың, Ресейде – 592 мың қандасымыз бар. Ал тарихи себептермен мәжбүрлі қоныс аударған диаспора өкілдері Моңғолияда (125 мың), Түркияда (30 мың) және Еуропа елдерінде шоғырланған, – дейді Әлібек Жұрқадам.
Сонымен қатар Қор мамандары бұрын Қазақстанда туып-өскен, бірақ қазір өзге елдің азаматтығын алған өзге ұлт өкілдерін де «бұрынғы отандастар» ретінде назардан тыс қалдырмайды.
Бұл санатқа жататын 3,8 миллионға жуық адам негізінен Германия, Израиль, Ресей және Украина елдерінде тұрады. Сондай-ақ, соңғы жылдары еңбек, білім немесе бизнес жасау мақсатында шет елдерге кеткен «жаңа диаспора» санаты қалыптасты. Мемлекет басшысының 2024 жылғы Ұлттық құрылтайдағы мәліметі бойынша, олардың ресми саны 200 000 адамды құрайды, бірақ бейресми болжамдар 500 000-ға жуық адам екенін көрсетеді, – деп толықтырды Вице-президент.
Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 16 805 этникалық қазақ тарихи Отанымен табысып, қандас мәртебесін алған еді.
https://kaz.inform.kz/news/sheteldeg-kazaktardin-sani-7-millionga-zhetu-mumkn-otandastar-kori-82dde7/