Сербияда Қазақстан азаматы қаза тапты. Ақпаратты Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды kznews.kz.
Марқұмның әкесі Threads әлеуметтік желісінде видеоүндеу жариялап, қызының Белград қаласында тұрғын үйдің алтыншы қабатынан құлап қаза тапқанын мәлімдеді.
Әлеуметтік желіде тараған мәліметтерге сәйкес, марқұм Амира Қанат Сербияға жұмыс істеу үшін барған. Біраз уақыттан кейін қызымен байланыс үзілген соң, әкесі Белградқа барып, оның қаза тапқанын естіген.
Әкесі жариялаған видеоүндеуде қызының өліміне белгілі бір адамдардың қатысы болуы мүмкін деген күдігі бар екенін айтты.
"Қазір Влад есімді жігіттің парақшасын таптым. Оның аккаунтын жариялаймын, қызымның суретін де бөлісемін. Бұл жігіттің осы оқиғаға қатысы бар. Сонымен қатар бұған Украинадан келген бір-екі қыздың да қатысы болуы мүмкін екені айтылып жатыр. Мұнда күмәнді жайттар бар. Мүмкін олар қызымды ұстап отырған шығар немесе оған қандай да бір ықпал еткен шығар. Қызым қысым көргендей әсер қалдырады. Сондықтан қолымдағы мәліметтердің бәрін жариялаймын. Араларыңызда көмектесе алатын адамдар болса, жан-жақтан қолдау көрсетулеріңізді сұраймын", – деді марқұмның әкесі.
Қазіргі уақытта марқұмның туыстары Амира Қанаттың мәйітін Қазақстанға жеткізу үшін қаражат жинап жатыр.
Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Сербиядағы Қазақстан елшілігі жергілікті құзырлы органдармен бірлесіп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Сербияда қаза тапқан азаматшамыздың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады», – делінген ведомство хабарламасында.
Қазіргі уақытта қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста болып, оларға жан-жақты консулдық-құқықтық қолдау көрсетіп жатыр. Сондай-ақ аталған іс Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ерекше бақылауына алынған.