Сербияда 19 жастағы Қазақстан азаматы Амира Қанаттың қазасына қатысты материал Белградтың Жоғары прокуратурасына берілді. Алайда адвокат Бауыржан Азановтың айтуынша, әзірге ресми қылмыстық іс жүргізу басталмаған, деп хабарлайды BES.media басылымы.
Шілде айының соңында әлеуметтік желілерде Амира Қанаттың Сербияда қаза тапқаны туралы хабар тараған. Қыздың әкесі оның өз еркімен өмірден кетуі мүмкін деген нұсқаға сенбейтінін айтып, қоғам назарын іске аударуға тырысқан.
Марқұмның туыстарының бірі Назима Рахимберди қыздың өліміне Белградта кейін танысқан адамдардың қатысы болуы мүмкін деп күдіктенетінін мәлімдеген. Оның айтуынша, Амираның қаза болар алдындағы ортасы мен мінез-құлқындағы өзгерістер отбасы мүшелеріне күмән туғызған.
Туыстары Амираның болашағына үлкен жоспар құрғанын, білім алып, дамуды көздегенін айтады. Олардың сөзінше, маусымның ортасы мен шілденің басынан бастап қыз сирек хабарласатын болған, достары мен туыстарына жауап беруді азайтқан.
Осыған байланысты жақындары оның қиын жағдайға тап болуы немесе біреудің ықпалында қалуы мүмкін деген нұсқаны жоққа шығармайды.
Кейін Влад есімді азамат әлеуметтік желіде түсініктеме берген. Оның айтуынша, Амирамен Белградтағы барлардың бірінде танысқан. Қыздың баспана мәселесі болғандықтан, кейін оны өз үйінде уақытша тұруға шақырған.
Владтың нұсқасы бойынша, қайғылы оқиға болған күні ол үйден бірнеше сағатқа шығатынын айтқан. Кейін өзі және досы Амираның балконға шығып, төмен секіргенін көргенін мәлімдеген.
Сондай-ақ ол қыздың заттарының арасынан күнделік табылғанын, онда Амираның бұған дейін де психологиялық қиындықтарды бастан өткергені туралы жазбалар болғанын айтқан.
Бірнеше күннен кейін марқұмның туыстары да, Белградтағы таныстары да оқиғаға қатысты жариялаған видеоларын түсініктемесіз өшіріп тастаған.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Амира Қанаттың қазасы туралы ақпарат түскен сәттен бастап оның туыстарымен байланыста болғанын хабарлады. Қазақстанның Сербиядағы елшілігі жергілікті құқық қорғау органдарына тиісті өтініштер жолдаған.
Сербия тарапының мәліметінше, іс Жоғары прокуратураның қарауына берілген. Қазақстан тарапы тергеудің ресми нәтижелерін күтіп отыр және сербиялық құзырлы органдармен байланысын жалғастыруда.
Марқұмның денесі Қазақстанға жеткізілген. Елшілік отбасы мүшелеріне репатриация мәселесі бойынша консулдық-құқықтық көмек көрсеткен.
Қазақстан ІІМ мәліметінше, отандық ішкі істер органдарында бұл дерек бойынша қылмыстық іс тіркелмеген.
Ал адвокат Бауыржан Азанов Қазақстан СІМ Консулдық қызмет департаментіне арнайы өтініш жолдағанын айтты. Ол Сербияның құзырлы органдарымен, соның ішінде Белград Жоғары прокуратурасымен байланыс орнатуды және Амираның қаза болар алдында жанында болған адамдарға қатысты қажетті процессуалдық әрекеттер жүргізу мүмкіндігін сақтауды сұраған.
Адвокаттың айтуынша, Белград Жоғары прокуратурасында Амира Қанаттың қазасына қатысты материал қалыптастырылған, бірақ әзірге ресми қылмыстық іс жүргізу басталмаған.