KZNews.kz
Қоғам

Сендердің президенттерің жақсы деп Трамп та айтып жатыр - Мұхамеджан Тазабек

Азамат Қойшығара
Фото: Instagram/mukhamedzhan_tazabek

Танымал ақын, айтыскер Мұхамеджан Тазабек Қазақстан Президентінің Жолдауында айтылған көше мәдениеті мен қоғамдағы дөрекі қарым-қатынас тақырыбына қатысты пікір білдірді.

«Әкесін баласы ұрып өлтіріп жатқан қоғамда өмір сүріп жатырмыз… Қатігездік жайлаған ортада бизнес жасау да, білім тарату да, отау көтеріп, ұрпақ өсіру де оңай емес. Рухсыз баю, әдепсіз әйгілі болу – кісі менсінбеуге, қара бастың қамына ғана алып келеді. Ал тәкаппарлық кеуде көтеруге жетелейді, ал, құр көкірек құн тартқызады…» – деді ол.

Мұхамеджан Тазабектің айтуынша, Президент Жолдауында көтерілген көше мәдениеті мен қарым-қатынас мәселесі қоғам үшін өте өзекті.

«Президент бүгінгі жолдауда көшедегі дөрекі қарым-қатынас, жаға жыртысу, тіпті әйел адамдардың өзінің әдебі жоғалып бара жатқанын тілге тиек етті… Рас қой», – деп жазды ол.

Ақын қазақтың «Жүзім жүзімге қарап қараяды» деген сөзін еске алып, қоғамдағы мейірім мен кең пейілділіктің маңызын атап өтті.

«Мейірім, махаббат болмаса, кешірім, кең пейілділік болмаса, алтын сарайда тұрсаң да, мыңды айдап, жүзді жетектесең де жегенің бойыңа жұқпайды, жүрегің ләззат алмайды…» – дейді Тазабек.

Сонымен қатар ол Румидің «Кімде әдеп болмаса, онда иман да бүтін емес» деген сөзін келтіріп, әдеп пен иманның өзара байланысын атап өтті.

«Сендердің президенттерің жақсы” деп Трамп та айтып жатыр ғой. Президенттің көше мәдениеті мен қарым-қатынас мәселесіндегі осы уайымынан нәтиже шығарсақ екен. Қоғамның қатал қарым-қатынасы, дөрекілік кісінің жүрегін қатайтып, жүзін қарайтатын нәрсе ғой. Алла сақтасын!» – деді Мұхамеджан Тазабек.

Азамат Қойшығара
Автордың басқа материалдары