Саяси қуғын-сүргін сюжеті: қызыл террордан қашып құтылған адам
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Сен бұл өмірдің қуанышын көрмедің - Сәрсемәлиевтің анасы

Сен бұл өмірдің қуанышын көрмедің - Сәрсемәлиевтің анасы
Ашық дереккөз

Жангелдин ауылында төрт адамнан тұратын отбасының өліміне қатысты сот отырысында айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевтің ата-анасы куә ретінде жауап берді, деп хабарлайды kznews.kz.

"Ақ Жайық" басылымының жазуынша, Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында атышулы іс бойынша куәгерлерден жауап алу басталды. Іс материалдарына сәйкес, сотта барлығы 26 куәгердің жауабы тыңдалмақ. Оның 17-сінен түскі үзіліске дейін жауап алу жоспарланған.

Сот залына алғаш болып айыпталушының әкесі Самиғолла Сәрсемәлиев шақырылды. Ер адам залға ақсаңдап кіргендіктен, судья оған отырып жауап беруге рұқсат берді.

Әкесінен жауап алу басталған сәтте Сұлтан Сәрсемәлиев эмоциясын жасыра алмай, көз жасына ерік берді. Судья оның жағдайын сұрағанда, адвокаты қысқаша ғана "толқып отыр" деп жауап берді.

Соттың сұрақтарына жауап берген әкесі ұлын сабырлы, отбасына жақын адам ретінде сипаттады. Оның айтуынша, Сұлтан темекі шекпеген, насыбай атпаған, құмар ойынға әуес болмаған және жанжалдан аулақ жүруге тырысқан.

"Ол отбасын ойлайтын. Жауапты адам болды", – деді куә.

Сонымен қатар Самиғолла Сәрсемәлиев ұлын толық ақтауға тырыспайтынын айтты.

"Сот кімнің кінәлі екенін анықтап, бұл іске нүкте қояды деп үміттенемін", – деді ол.

Куә болған жағдайды әлі күнге дейін толық түсіне алмай жүргенін жеткізді. Оның сөзінше, ұлының мұндай ауыр қылмысқа баруы мүмкін екеніне сену қиын.

Айыпталушының әкесі немерелерін жиі көріп тұратынын да айтты. Оның сөзінше, балалардың бірі қазір сәбилер үйінде, ал тағы төртеуі Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында.

Жауап алу барысында ол Сұлтан мен бұрынғы әйелі Ақбаянның арасына өзге адамдар араласқан болуы мүмкін деген ойын айтты. Осы кезде судья мұндай жағдай адам өлтіруге себеп бола ала ма деп нақтылады.

"Олай ешкім ойламайды және ешкім бұлай айтпайды", – деді куә.

Ол қазіргі кезде жас отбасылардың ата-анадан бөлек тұруды жиі таңдайтынын, мұның қоғамда қалыпты жағдайға айналғанын да атап өтті.

Самиғолла Сәрсемәлиев ұлының бала кезінде психологиялық жарақат немесе ауыр күйзеліс алмағанын айтты. Сондай-ақ ол Сұлтан мен Ақбаян Мұқанғалиеваның арасында көзге көрінетін үлкен жанжалдарды байқамағанын жеткізді.

"Мен оның Ақбаянға қол көтергенін немесе дөрекі сөйлегенін ешқашан көрген емеспін", – деді айыпталушының әкесі.

Судья бұрын тату тұрған ерлі-зайыптылардың арасында кейін не болуы мүмкін екенін сұрағанда, куә мұны тұрмыстық келіспеушілік болуы ықтимал деп түсіндірді.

"Қазақта ерлі-зайыптының арасына бөтен адам түспейді дейді", – деді ол.

Айыпталушының әкесі 2025 жылдың қараша және желтоқсан айларындағы оқиғалардан хабарсыз болғанын айтты. Марқұмдардың туыстары Мұқанғалиевтер отбасымен байланыса алмай жүргенін, үйлерінен ешкімді таппағанын жеткізгенде де, ол бірден жамандық болды деп ойламаған. Бұрынғы құдалары басқа жаққа кеткен шығар деп топшылаған.

Кейін оған Сұлтан мен Ақбаян Өзбекстанда жүр деген ақпарат жеткен. Шын мәнінде не болғанын біраз уақыт өткен соң ғана білгенін айтты.

Куәнің сөзінше, ол Мақсотты соңғы рет қызын алып кетуге келген күні көрген. Сол кезде ол жастарды бөлек тұрмауға көндірмек болған, алайда оның кеңесіне құлақ аспаған.

Бұдан кейін сотта айыпталушының анасы Гүлнар Азмұханова куә ретінде шақырылды. Ол сот сұрақтарына жауап беруден бас тартты. Осыған байланысты судья оның тергеу кезінде берген жауабын оқып берді. Әйел бұл жауаптарын толық растады.

Сот залынан шығар алдында Гүлнар Азмұханова ұлына сөз айтуға рұқсат сұрады. Ол Сұлтанға бес баласы бар екенін және қандай жағдай болса да, олар үшін әке болып қала беретінін айтты.

"Сен бұл өмірдің қуанышын көрмедің. Өмір бойы күресіп келдің. Мықты бол. Өмір үшін күрес. Мен балаларыңа олардың әкесі бар екенін айтып отырамын", – деді анасы.

Автор
Азамат Қойшығара

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ түлегі. Журналистика саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері - kznews.kz сайтының тілшісі.