Семей қаласында жоғалып кеткен екі жасөспірімді іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Абай облысының полицейлері ауқымды іздестіру шараларын жүргізіп, тұрғындарды ақпарат беруге шақырды.
Полицияның мәліметінше, 17 маусым күні кешкі сағат 20:00 шамасында 14 жастағы Рақымжан Үкіртаев пен 8 жастағы Әлихан Қайратов Семей қаласындағы Восточный кенті маңында болған. Сол уақыттан бері олардың нақты қайда жүргені белгісіз.
Құқық қорғау органдары балалардың жоғалғаны туралы хабар түскен бойда іздеу жұмыстарын бастап кеткен. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері олардың болуы мүмкін жерлерді тексеріп, тұрғын үйлерді аралап, жақын маңдағы аумақтарды қарастыруда.
Абай облысы Полиция департаменті тұрғындардан балалардың жүрген жері немесе олардың жоғалуына қатысты қандай да бір мәлімет білсе, дереу полицияға хабарласуды сұрады.