KZNEWS.KZ
Шоу-бизнес

“Секта құрамында”: Нұртас Адамбайдың әйелі мәлімдеме жасады

• Айжан Сыланова
Фото: әлеуметтік желіден

Қазақстандық режиссер әрі актер Нұртас Адамбайдың жұбайы Ғалия Адамбай әлеуметтік желіде отбасындағы келіспеушіліктер туралы жазба жариялады. Ол күйеуінің белгілі бір топтың ықпалына түскенін айтып, бұл жағдайдың балаларына да кері әсер етіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Оның сөзінше, Нұртас Адамбай әлі күнге дейін өзі «төребекшілдік» деп атайтын көзқарастардың ықпалында жүр. Әйел бұл жағдай отбасы ішіндегі қарым-қатынасқа, әсіресе бала тәрбиесіне кері әсер еткенін айтады.

«Секта осылай жұмыс істейді. Балалар мен әйелдер зардап шегеді. Барлық құжаттар мен мамандардың қорытындыларын ұсынамын. Оның да уақыты келеді. Әзірге мен үшін балаларым бірінші орында», – деп жазды ол.

Ғалияның айтуынша, ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушіліктердің бірі балалардың денсаулығы мен күнделікті күтіміне байланысты туындаған. Атап айтқанда, ол үш жастағы қызының тісін тазалату, балалардың дұрыс тамақтануын қадағалау және қажет болған жағдайда дәрігерге көрсету мәселелерінде қиындықтарға тап болғанын жеткізді.

Әйелдің мәлімдеуінше, күйеуі балаларды өз еркінен тыс ештеңеге мәжбүрлемеу керек деген ұстанымды қолдайды. Ғалия мұндай жағдайдың бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқанын айтады. Сондай-ақ ол Нұртас Адамбайдың өз денсаулығына мұқият қарап, дұрыс тамақтанып, қажетті дәрілерін қабылдайтынын айтып, балаларға қатысты көзқарасын түсінбейтінін жеткізген.

Ғалия Адамбай алдағы уақытта өз сөздерін растайтын құжаттар мен мамандардың қорытындыларын жариялауға дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар күйеуінің айтқан сөздері мен жасаған әрекеттері үшін жауап бермейтінін атап өтті.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →