Бүгінде Қазақстан мен Израиль арасындағы ынтымақтастықта сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, инвестиция тарту және озық технологияларды енгізу мәселелері алдыңғы қатарға шығып отыр. Жалпы, екі елдің саяси диалогы белсенді болғанымен, ендігі міндет уағдаластықтарды нақты экономикалық нәтижеге айналдыру болмақ.
Бұған жақында Бакуде өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммиті аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль Президенті Ицхак Герцогтың кездесуі дәлел. Осы кездесуде тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Мемлекет басшысы Герцогтің сәуірдегі Қазақстанға сапары екіжақты қатынастарды нығайтуға серпін бергенін атап өтті.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстан мен Израиль арасындағы тауар айналымы 193,5 млн АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш екі ел арасындағы сауда байланысының бар екенін көрсеткенімен, өздігінен экономикалық әріптестіктің ауқымын толық көрсетпейді. Қазіргі кезде Қазақстанның Израильге экспортының маңызды бөлігін энергетикалық шикізат құрайды. Ал Израильдің Қазақстан үшін қызықты бағыттарының бірі технологиялар мен ғылыми әзірлемелер болып отыр. Сондықтан екіжақты сауданы кеңейту үшін шикізат жеткізумен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, машина жасау, химия өнеркәсібі және жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту маңызды.
Биылғы 27-қаңтарда Израиль Сыртқы істер министрі Гидеон Саардың Қазақстанға сапары аясында екі елдің іскер топтары қатысқан бизнес-форум өтті. Кездесулерде су ресурстарын басқару, жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы, жасанды интеллект және цифрлық технологиялар салаларындағы бірлескен жобалар талқыланды.
Бұл бағыттардың Қазақстан үшін маңызы бар. Су ресурстарын тиімді пайдалану, суару жүйелеріндегі шығынды азайту және ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру технологиялық шешімдерді қажет етеді. Израильдің осы салалардағы тәжірибесін зерттеу Қазақстанға пайдалы болуы мүмкін.
Әлбетте, технологиялық ынтымақтастықтың тиімділігі оны нақты өндірісте қолдануға байланысты. Жаңа шешімдердің құны, су үнемдеу көрсеткіші, өнімділікке әсері және отандық мамандардың қатысуы бағалануы керек. Технология сатып алумен шектелмей, оны жергілікті жағдайда бейімдеу мен мамандар даярлау да маңызды. Яғни, қаңтардағы келіссөздер мен бизнес-форум екіжақты экономикалық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді. Ал қазандағы президенттер кездесуінде осы ынтымақтастықты дамыту мәселесі қайта көтерілді. Бұл саяси диалогтың жалғасып сәтті жатқанын көрсетеді.