Халық ақыны Мұхтар Шахановтың қазасына қайғырып отырған жұртшылық арасында Серікжан Біләштің мәлімдемесі үлкен резонанс тудырды. Бұл туралы Ertenmedia.kz хабарлады, деп жазады kznews.kz.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада АҚШ-та тұратын Серікжан Біләш марқұм ақынға қатысты сын пікір айтып, оның шығармашылығын ішінара мойындағанымен, жеке көзқарасын ашық білдірген. Алайда бұл сөздер көпшіліктің наразылығын туғызып, әсіресе қаралы кезеңде айтылғаны қоғамда сынға ұшырады.
Желі қолданушылары мен зиялы қауым өкілдері марқұмға қатысты мұндай пікір білдірудің орынсыз екенін айтып, оны адамгершілік пен ұлттық құндылықтарға қайшы әрекет ретінде бағалауда.
Осы жағдайдан кейін АҚШ-тағы қазақ қауымы да бейжай қалмай, өзара пікір алмасуға кіріскен. Олардың айтуынша, мәселе қысым көрсету емес, қоғам алдында айтылған сөзге моральдық тұрғыдан баға беру.
"Қазақстаннан жырақ жүрсек те, қазақтың рухани кеңістігінен тыс қала алмаймыз. Біләш АҚШ-та тұрса да, оның сөзі Алматыдағы, Астанадағы, Шымкенттегі, Түркістандағы, Нью-Йорк пен Уашингтондағы қазақтың жүрегіне бірдей тиді. Америкадағы қазақтар да Шахановтың өмірден көшкенін естіп, аза тұтты. Ол тіл, ұлт, рух, намыс деген өлшеммен қатар аталатын тұлға. Сондықтан марқұмға қарата айтылған ауыр сөз коммунити ішінде жай ғана "жеке пікір" ретінде қабылданбай отыр", – дейді аты-жөнін жарияламауды сұраған АҚШ-тағы қазақтардың бірі.