Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында Мұқанғалиевтер отбасының бірнеше мүшесін өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің қылмыстан кейін елден қалай кеткені туралы жаңа деректер айтылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті адам өлтіру оқиғаларынан кейін марқұмдардың мүлкін заңсыз иемденген болуы мүмкін. Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, ол осы қаражатты шетелге қашуға пайдаланған.
Іс материалдарында туыстары жоғалғаннан кейін марқұмдардың балалары Сәрсемәлиевтің анасының қарауында қалғаны да көрсетілген. Ал құқық қорғау органдары жоғалған адамдарды іздей бастағанын түсінген күдікті Атыраудан тез арада кетуге шешім қабылдаған.
Тергеу дерегінше, Сәрсемәлиевпен бірге Ақбаян Мұқанғалиева да шетелге шыққан. Айыптау актісінде күдіктінің оны Қазақстанда қалдыруды қауіпті деп санағаны жазылған. Себебі Ақбаянның жақындарының қасында болмауы және мүлік рәсімдеу үшін шетелге кетуі айналасындағылар мен тергеу органдарының күдігін тудыруы мүмкін еді.
Осыдан кейін Сәрсемәлиев Ақбаян Мұқанғалиеваны өзімен бірге Индонезияға алып кетуді ұйғарғаны айтылды.
Қылмыстық іс материалдары бойынша, 2025 жылғы 9 желтоқсанда Сәрсемәлиев пен Мұқанғалиева “Қапланбек” өткізу пункті арқылы Қазақстаннан Өзбекстанға өткен. Кейін 13 желтоқсанда Ташкент – Куала-Лумпур – Бали бағыты бойынша ұшып, Индонезияға жеткен.
Тергеу мәліметінше, олар Бали аралында екі айдан астам уақыт бойы жасырынған. Алайда 2026 жылғы 24 ақпанда Индонезияның көші-қон қызметі оларды визалық режимді бұзғаны үшін ұстаған. Кейін екеуі Қазақстанға депортацияланған.