Онда сотталған адамның жазасын өтеу орны туралы ақпаратты растамады, бірақ теріске де шығармады. Бұл ретте ҚАЖК Ұлытау облысында өмір бойына сотталғандарды ұстау үшін мекемелердің бірі шынымен де қайта бейінделгенін хабарлады.
Сәрсемалиев туралы не айтылды?
Біз ҚАЖК-дан Сұлтан Сәрсемалиевтің сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін Жезқазғандағы №62 мекемеге тасымалданғаны туралы ақпаратты растауды сұрадық.
Комитет ол жазасын өтеп жатқан нақты орынды атамады.
"Сауалда көрсетілген сотталған адам соттың заңды күшіне енген үкімі негізінде сот белгілеген тиісті қауіпсіздік түріндегі мекемеде жазасын өтеп жатыр", - делінген Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берілген жауапта.
ҚАЖК сотталғандардың жақын туыстарына олардың орналасқан жері мен жазасын өтеу орны туралы хабарланатынын айтып өтті. Басқа мәліметтер, соның ішінде сотталғанның жеке ісіндегі деректер жария етуге жатпайды.
Осылайша, комитет Сәрсемалиевтің дәл Жезқазғандағы колонияға жіберілгені туралы БАҚ ақпаратын ресми түрде растамады, бірақ жоққа да шығармады.
Ұлытау облысында колония қайта бейінделді
Сонымен қатар ҚАЖК Ұлытау облысында өмір бойына бас бостандығынан айырылған адамдарды ұстауға арналған мекеменің пайда болғанын растады.
"Бұдан бөлек, Ұлытау облысында өмір бойына бас бостандығынан айырылған адамдарды ұстауға арналған мекеменің қайта бейінделгенін хабарлаймыз", - делінген хабарламада.
Бұл нақты қай мекеме екенін және онда қанша адам жазасын өтеп жатқанын ҚАЖК нақтыламады.
Редакция ол жерде қанша адам өмір бойына жазасын өтеп жатқаны туралы деректерді сұратты. Комитеттегілер бұл мәліметтер қызметтік пайдалануға арналған ақпаратқа жататынын және жарияланбайтынын мәлімдеді.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін Қазақстанда өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар Қостанай облысы бойынша ҚАЖД-ның "Қара бүркіт" деген атпен танымал №39 мекемесіне жіберілетін. 2026 жылдың шілдесінде де ол елдегі өмір бойына сотталғандарға арналған жалғыз колония деп аталған болатын.
Мекеме Жітіқара маңында орналасқан. Өмір бойына бас бостандығынан айырылған алғашқы сотталғандар ол жерге 2004 жылы тасымалданған. "Қара бүркіт" төтенше қауіпсіздік мекемесі мәртебесіне ие.
Осылайша, ҚАЖК-ның Ұлытау облысындағы мекеменің қайта бейінделгені туралы хабарламасы іс жүзінде Қазақстанда өмір бойына сотталғандарды ұстайтын тағы бір орынның пайда болғанын білдіреді.