Атырауда Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты қылмыстық істі қарап жатқан судья Зарема Хамидуллина сотталушы кінәсін мойындаған жағдайда да одан жауап алынып, іс материалдары неге толық зерттелетінін түсіндірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Судьяның айтуынша, адамның өз кінәсін мойындауы оны автоматты түрде кінәлі деп тануға немесе бірден үкім шығаруға негіз болмайды. Конституция талаптарына сай, сот үкімі тек сот отырысында жан-жақты зерттелген дәлелдерге сүйеніп шығарылуы тиіс.
"Сотталушы кінәсін мойындаса да, бұл оны кінәлі деп танып, үкім шығаруға жеткілікті негіз бола алмайды. Іс бойынша барлық дәлел сотта қаралуы керек. Егер қандай да бір дәлел сот отырысында зерттелмесе, сот үкім шығару кезінде оған сүйене алмайды", – деді Зарема Хамидуллина.
Оның сөзінше, дәлелдер қатарына сотталушының жауабы, куәлардың айғақтары, бейнежазбалар, сараптама қорытындылары және іске қатысты өзге де материалдар жатады.
Судья дәлелдер сотта зерттелмеген жағдайда тараптар жарыссөз кезінде оларға сілтеме жасай алмайтынын айтты. Сондықтан әрбір материалды қарауға уақыт қажет.
"Мысалы, бір қылмыстық істің ішінде 25-30 бейнежазба болуы мүмкін. Кейбір тергеу әрекеттері үш сағатқа дейін созылады. Мұның бәрі сотта зерттелуі тиіс", – деді судья.
Зарема Хамидуллина сот процесінің басты мақсаты – істің барлық мән-жайын заң аясында толық әрі объективті қарау екенін атап өтті.