KZNews.kz
Қоғам

Сарбаз сыры: қылқалам мен суық қару үйлесе ме?

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қорғаныс саласындағы әскерилердің өмір салты мен Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздардың бөлімдердегі тіршілігіне жіті үңілген жөн. Әрине, әскери құпияға негізделген талаптарға бағына отырып болса да, қорғаныс саласындағы жетістіктер мен проблемалар қоғамның назарынан тыс қалмауға тиіс.

Қуанарлығы, қазір Қорғаныс министрлігі сарбаздардың әскери өмірі мен бөлімдердегі тыныс-тіршілікті жария етуге қатысты ашықтыққа көше бастады. Яғни, Отан солдатының бүкпесіз бейнесі қорғаныс саласындағы міндетті қызметтің ғана емес, өскелең ұрпақ алдындағы әскери патриоттық тәрбиенің де құндылығын арттырмақ.

Деп келгенде, борышын өтеуге барған сарбаздың әскери бөлімдегі қызметінен бірер эпизод жариялау арқылы қазақ әскерінің қазіргі хал-ахуалына үңілмекпіз.

Мысалы, Ақтау гарнизонында орналасқан теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальонында Отан алдындағы борышын өтеп жүрген матрос Бақдәулет Күздібаевқа қарап қазіргі қазақ сарбазының жаңа келбетін көруге болады.

Күнделікті қызметінде механик-жүргізуші міндетін мінсіз атқарып жүрген жас жауынгер бос уақытын босқа өткізбей, шығармашылықпен айналысады екен. Ол әскери бөлім ғимаратының қабырғаларын ұлттық тарихымызда өшпес із қалдырған батырлар мен хандардың бейнелерімен көркемдеп, сарбаздар рухын көтеріп келеді.

Бақдәулеттің туындыларының ішінде аты аңызға айналған қолбасшы, қазақ әскери рухының символына айналған Бауыржан Момышұлына арналған суреті ерекше назар аударады. Қарапайым қабырғаға салынған бұл бейне тек сурет емес, жас ұрпаққа ұсынылған тәлім мен тәрбие, ерлік пен елдікке шақырған рухани белгі іспетті.

Айтпақшы, қатаң тәртіпке негізделген әскери өмірде өнерге орын жоқ деген түсініктің де өзгергені аян. Бұған Бақдәулет Күздібаевтың шығармашылығы дәлел. Осыдан әскери өмірдің тек қару ұстау ғана емес, рухты шыңдау, ұлттық болмысты терең сезіну, тіпті өзін-өзі дамыту мектебіне айналатынын да көруге болады.

Тоқетерін айтқанда, Бақдәулет сынды жас жауынгерлер ел қорғаны болумен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеуші нағыз патриоттардың қатарын толықтырып отыр.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте баста...
Автордың басқа материалдары →