KZNews.kz
Жаңалықтар

Қарағандыдағы жанжал: қызметтік тексеріс Сәпиевті жауапты деп тапты

Дархан Тоқан
Smartnews коллажы

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен орынбасары Дәурен Есімханов арасындағы жанжалға қатысты қызметтік тексеруді аяқтап, оқиға үшін жауапкершілікті басқарма басшысына жүктеді, деп хабарлайды Kznews.kz.

Smartnews.kz мәліметінше, журналист Михаил Козачков таныстырған ресми құжатта Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті жүргізген тексеру барысында Серік Сәпиевтің әрекеттерінен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін бұзу белгілері анықталғаны жазылған.

Құжаттағы дерекке сәйкес, жанжал 2026 жылғы 21 қаңтарда облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратында, яғни басқарма орналасқан мекемеде болған. Басшы мен орынбасары арасындағы дау үшінші тұлғалардың, оның ішінде спорт ұйымдары өкілдерінің көзінше өршіп, физикалық қақтығысқа ұласқаны көрсетілген.

Қызметтік тексеріс барысында БАҚ-тағы жарияланымдар, бейнебақылау камераларының жазбалары және жанжалға қатысушылардың түсініктемелері зерделенген. Нәтижесінде тараптардың бір-бірін ұстап қалғаны, соның салдарынан орынбасардың құлағаны, ал басқарма басшысының кабинеттен шығып бара жатып есікті қатты тарс жапқаны расталған.

Тексеру материалдарында аталған әрекеттер мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіріп, қоғамда теріс резонанс тудырғаны атап өтіледі. Қызметтік комиссия Серік Сәпиев әріптесіне қатысты әдепсіз әрі орынсыз мінез-құлық танытқанын, ұжымда іскерлік және сыйластық ахуалды сақтауға үлес қоспағанын және өз іс-әрекеті арқылы мемлекеттік органның қоғам алдындағы абыройына зиян келтіргенін қорытындылаған.

Сондай-ақ құжатта лауазымына немесе бұрынғы еңбегіне қарамастан, мұндай әрекеттерге жол берілмейтіні, ал мемлекеттік орган басшылары кәсіби әрі этикалық мәдениеттің жоғары үлгісін көрсетуге міндетті екені баса көрсетілген. Қызметтік тексеру материалдары түпкілікті шешім қабылдау үшін Әдеп жөніндегі кеңестің қарауына жолданған.

Бұған дейін Серік Сәпиев жанжалдың туындауына орынбасарының заңсыз әрекеттері себеп болды деп мәлімдеген. Ал Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мәселе бойынша алдын ала баға бермей, тексеру қорытындысын күтуді ұсынған. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс тіркелгені де хабарланған, алайда тергеу мүддесіне сай оның егжей-тегжейі жария етілмей отыр.

Дархан Тоқан
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →