65 жастан асқан жүргізушілер енді көлік айдай алмай ма? ІІМ жаңа тәртіпті түсіндірді
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Сания Жұбанышева ісі: адвокат изолятор қызметкерлерін қамауға алу заңдылығына күмән келтірді

Сания Жұбанышева ісі: адвокат изолятор қызметкерлерін қамауға алу заңдылығына күмән келтірді

Шымкенттегі уақытша ұстау изоляторында көз жұмған 23 жастағы Сания Жұбанышеваға қатысты іс бойынша жаңа мәліметтер жарияланды. Қыздың өлімінен кейін салғырттық жасады деген күдікпен қамауға алынған екі қызметкердің бірінің адвокаты Талғат Есімов бұлтартпау шарасының заңдылығына күмән келтірді, деп kznews.kz тілшісі журналист Михаил Козачковтың мәліметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сания Жұбанышева кәмелетке толмаған жасөспірімге пышақ жарақатын салды деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. Алайда оның қорғаушысы қыздың өзі жыныстық зорлық әрекетінің құрбаны болғанын мәлімдеген. Адвокаттың айтуынша, Сания өзін зорламақ болғаны туралы полицияға хабар берген, алайда бұл жағдайға тергеу барысында тиісті құқықтық баға берілмеген.

15 мамырға қараған түні Сания изоляторда өзін нашар сезініп, кейін ауруханада қайтыс болды. Алдын ала тергеу нұсқасына сәйкес, ол камерада бірге отырған әйелге тиесілі жүрекке арналған дәрілерді көп мөлшерде ішіп қойған.

Оқиғадан кейін суицидке жеткізу және қамауда ұстау тәртібін бұзу деректері бойынша қылмыстық істер тіркелген.

Кейін марқұмның анасы тергеудің объективті жүргізіліп жатқанына күмән келтіріп, барлық дәлелдің толық зерттелмегенін айтты. Сондай-ақ ол қызына уақытша ұстау изоляторында моральдық қысым көрсетілген болуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Журналист Михаил Козачковтың жазуынша, қазіргі уақытта ауыр зардапқа әкелген салғырттық дерегі бойынша қозғалған іс аясында уақытша ұстау изоляторының екі қызметкері күдікті ретінде қамауға алынған.

Олардың бірінің мүддесін қорғайтын адвокат Талғат Есімов тергеу сотының шешімі заң талаптарына сәйкес келмеуі мүмкін деп санайды. Оның пікірінше, қамауға алу туралы өтініш істің қоғамда үлкен резонанс тудыруына байланысты қанағаттандырылған.

Адвокат Қазақстанның Бас прокуроры мен Жоғарғы сот төрағасының назарын Шымкент прокуратурасы мен тергеу сотының шешіміне аударуды сұрады.

Оның айтуынша, уақытша ұстау изоляторы кезекшісінің көмекшісі Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2-бөлігі, яғни салғырттық бойынша күдікке ілінген. Алайда қорғаушы Қылмыстық-процестік кодекстің 147-бабы мұндай жағдайда күдіктіні қамауға алуға мүмкіндік бермейді деп есептейді.

«Тергеу соты кепілмен босату мүмкіндігін де қарастырмады. Бұл – заң нормаларына негізделген менің жеке пікірім», – деді Талғат Есімов.

Қорғаушының сөзінше, күдіктілерге тағылған бап бойынша ең жоғары жаза төрт жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады. Ол Жоғарғы соттың нормативтік қаулысында бес жылдан аз мерзімге жаза көзделген істер бойынша күзетпен ұстау бұлтартпау шарасын қолдануға шектеулер бар екенін айтты.

Адвокат Қылмыстық-процестік кодекстің 147-бабында қамауға алуға негіз болатын ерекше жағдайлар көрсетілгенін атап өтті. Олардың қатарында күдіктінің тұрақты мекенжайының болмауы, жеке басының анықталмауы, тергеуден жасырынуы, бұрын белгіленген бұлтартпау шарасын бұзуы, ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы немесе соттылығы болуы мүмкін.

Талғат Есімовтің пікірінше, бұл негіздердің ешқайсысы аталған іс бойынша күдіктілерге қатысты емес. Сондықтан оларға үйқамақ немесе кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану мүмкіндігін қарастыруға болар еді.

Сонымен қатар адвокат жауапкершіліктің тек изолятордағы кезекші көмекшілеріне жүктелуіне қатысты да сұрақ қойды.

«Егер Сания Жұбанышеваның өлімі қызметкерлердің салғырттығынан болды деген нұсқа қарастырылып жатса, изолятор жұмысын ұйымдастыруға жауапты басшылықтың әрекеттеріне неге құқықтық баға берілмейді?» – деді ол.

Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Күдіктілердің кінәлі немесе кінәсіз екені соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталады.

Автор
Қайсар Қанат

Журналист. Блогер. Фрилансер