Әлеумет

«Самұрық-Қазына» төрағасының бір айлық жалақысына Алматыдан бір бөлмелі пәтер алуға болады

Азамат Қойшығара Азамат Қойшығара
«Самұрық-Қазына» төрағасының бір айлық жалақысына Алматыдан бір бөлмелі пәтер алуға болады
Фотоиллюстрация: kznews.kz

Белгілі журналист Диас Нұрақын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры төрағасының табысына қатысты жазба жариялап, қоғамдағы табыс теңсіздігіне назар аударды, деп хабарлайды kznews.kz.

«Мен арам терім ағып, құймышағымды кресло қажап, көзімді компьютер тесіп, күн сайын әріп түзеп отырып алты жылда алатын айлықты “Самұрық-Қазына” қорының төрағасы небәрі бір айда табады екен. Алты жыл бойы күндіз-түні отырып істеген еңбектің құны осынша ғана болып тұр. Мұны ойлағанда адамның ішін біртүрлі күй кернейді. Әділет қайда деген сұрақ өзінен-өзі туады», – деп жазды журналист.

Автор Нұрлан Жақыповтың табысына қатысты ресми деректерді де келтіреді.

«Нұрлан Жақыповтың декларациясында соңғы үш жылдағы табысы 805 млн теңге деп көрсетілген. Яғни, бүкіл жер қойнауынан түсетін байлық пен мемлекеттік активтерді бақылап отырған басшы айына шамамен 22 млн теңге жалақы алады. Қарапайым тілмен айтқанда, ол ай сайын Алматыдан бір бөлмелі пәтер сатып ала алады. Ал қарапайым адамдар сол пәтерді 20 жылға ипотекаға алып, итшілеп жүр», – дейді Диас Нұрақын.

Журналист бұл жағдайды елдегі әлеуметтік теңсіздікпен байланыстырады.

«Қазақстанда бай мен кедейдің арасы қатты алшақтап кетті деген сөздің рас екеніне осыдан кейін көз жеткізесің. Самұрыққа бес ай басшы болсаң, біраз жағдайыңды жасап алуға болады екен. Бұл – жүйенің айнасы. “Вот к чему нужно стремиться” деген ой да еріксіз келеді», – деп жазды ол.

Сондай-ақ журналист әлеуметтік төлемдерге қатысты қоғамдағы көңіл күйді де сынады.

«Ал сендер ең төменгі зейнетақы көлемі жеті мың теңгеге, жөргекпұл алты мың теңгеге ұлғайды деп жерден жеті қоян тапқандай мәз болып жүрсіңдер. Мұндай сандарды естігенде қуануға емес, ойлануға тиіс едік. Бір жақта айына 22 миллион, бір жақта бірнеше мың теңге. Осыны қалай қалыпты жағдай деп қабылдаймыз?» – деп түйіндеді Диас Нұрақын.

Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов 2022-2024 жылдар аралығындағы табысы туралы декларация мәліметін жариялаған болатын. Қор басшысы үш жыл ішінде  805 984 963 теңге табыс тапқан.

Соның ішінде:

2022 жылы – 422 182 000 теңге;

2023 жылы – 186 543 551 теңге;

2024 жылы – 197 259 412 теңге.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz