Қоғам

Самокаттың жыры сағызша созылып кетпеді ме?

Самокаттың жыры сағызша созылып кетпеді ме?
Kznews.kz

Астананың абыр-сабыр тіршілігінде самокат мініп жүйткіген жастар мен ересектердің қарасы қалыңдап барады. Бірі – жұмысқа асығады, бірі – уақыт үнемдеудің жолын іздейді, ал тағы бірі үшін бұл – көңіл көтерудің бір түрі.

Бірақ қолданыстағы заңнама самокатшылардың құқықтық мәртебесін айқындап үлгермей, қоғамда бұл тақырып сағызша созылып бара жатқандай әсер қалдырады.

Мәжілістің кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәселеге қатысты былай деді:

— Бұл жұмысқа басынан бастап-ақ кірістік. Иә, заңнамадағы олқылықтар тиісті әрекеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді, сондықтан осы маусымда депутаттық түзетулер болады. Барлық тарап үшін түсінікті ереже қалыптастыруымыз қажет. Әзірге нақты айта алмаймын, бірақ мемлекеттік тіркеу болмайды, — деді.

Оның айтуынша, кикшеринг компаниялары самокат жылдамдығын шектеуге өздері уәде бергенімен, бұл талап орындалмаған.

— Біз каршеринг иелерімен сөйлестік, олар саябақта, тротуарда жылдамдықты шектейміз деген. Өкінішке қарай, бұл орындалмады. Сондықтан депутаттармен бірлескен жұмыс тобы қосымша шара қабылдайды. Егер компаниялар талапты ерікті түрде орындамаса, заң жүзінде шектеу енгізуге тура келеді, — деді Лепеха.

Мәселе тек құқық қорғау органдарына ғана емес, қоғамға да әсер етуде. Қалалық урбанист, көлік сарапшысы Әлібек Әбдіқадыров пікірін былайша білдірді:

— Самокаттар — қаланың экожүйесіне қажет құрал. Бірақ тәртіпсіздік болса, оның пайдасынан зияны көп болып шығады. Шетелде мұндай көліктің қозғалысы нақты ереже арқылы реттелген. Бізге де кешіктірмей осыны жасау керек, — деді ол.

Ал қоғамдық ұйым өкілі, ата-аналар комитетінің мүшесі Айгүл Мұратова болса, қауіпсіздікке алаңдайтынын жасырмайды:

— Балаларымыз тротуарда ойнап жүргенде, қасынан зу етіп самокат өтіп кетеді. Кейде құлап, соғылып жатқанын да көреміз. Бұл ойыншық емес, қозғалыс құралы екенін бәрі түсінуі тиіс. Сондықтан жауапкершілікті күшейткен дұрыс, — деді ол.

Самокаттың артықшылығы да жоқ емес. Экологиялық тұрғыдан таза, қалалық қозғалысты жеңілдететін ыңғайлы көлік түрі. Әсіресе жазғы маусымда мұның тиімділігін халық айқын сезінеді. Бірақ қауіпсіздік мәселесі шешілмей, бұл артықшылықтың мәні жоғалады. Тротуарда жүйткіген самокатшылардың кесірінен балалар мен қарт адамдар жарақат алған оқиғалар аз емес.

Шындығында, мәселе бір күнде шешілетіндей жеңіл емес. Бірақ тым созып жіберу де қауіпті. Күн тәртібінде тұрған сұрақ – самокатшыларға қатаң бақылау орнату ма, әлде олардың қозғалысына мәдени, өркениетті деңгейде жағдай жасау ма? Қоғам осы екі ұстанымның ортасында балансты табуға тиіс.

Қаладағы көлік қозғалысы, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі және жаңа мобильді көліктің болашағы осы шешімге байланысты болмақ.

Самокаттың жыры созыла берсе, бұл жай ғана ұсақ-түйек емес, үлкен қоғамдық дауға айналуы мүмкін. Сондықтан жауапты органдардың да, қоғамның да ортақ келісімге келіп, нақты ереже қалыптастырғаны абзал. Әйтпесе, әр самокатшының тағдыры — әрбір жаяу жүргіншінің қауіпсіздігімен тікелей байланысты

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz