Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, елімізде шағын және орта бизнес санатына жататын 62 мың кәсіпкердің салыққа берешегі бар екен.
Осы сәтте олардың жалпы қарызы 273 млрд теңгені құрайды. Бұл берешекке есептелген айыппұлдар мен өсімдерді қосқандағы сома. Демек, салық берешегіне қатысты атқарушы билік оңтайлы шешім қабылдамаса, мұндай қарыздың өтелуі неғайбыл болып отыр.
Сондықтан, Үкімет жаңа Салық кодексінің аясында отандық кәсіпкерді қолдауды ұйғарған. Яғни, шағын және орта бизнес секторының өкілдері салық бойынша негізгі қарызды өтеген жағдайда, өсімпұл мен айыппұл алынып тасталады. Бұл шешім биылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.
- 2025 жылдың қараша айындағы жағдай бойынша микро және шағын бизнеске жататын 67 мың кәсіпкердің жалпы салық берешегі 273 млрд теңгені құрайды. Егер кәсіпкерлер негізгі қарыздың 176 млрд теңгесін төлесе, мемлекет өсім мен айыппұлды кешіреді, - дейді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов.
Ал кешірілуге жататын қарызы көлемі қомақты. Мысалы, қазір кәсіпкерлердің мойынында 90 млрд теңге көлеміндегі өсімпұл мен 7 млрд теңге көлеміндегі айыппұл бар. Егер ШОБ өкілдері салық мәмілесіне көнсе, онда бұл сома толық есептен шығарылады.
Айтпақшы, экономистер бұл шара кәсіпкерлердің салық берешегін қысқартып, бизнестің қаржылық тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді деген пікірде.