Цифрландыру – құтқарушы ма, әлде жаңа «ақша жегіш» жүйе ме?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 702 6094955
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 702 6094955

Біздің әлеуметтік желілер

Саланы тазартқың келсе, сотталуға дайын бол - сарапшы

Саланы тазартқың келсе, сотталуға дайын бол - сарапшы
Видеодан алынған кадр

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары, цифрландыру саласының сарапшысы Олжас Әбішев өзіне қатысты қозғалған қылмыстық іс, мемлекеттік жүйедегі қайшылықтар және цифрлық трансформация мәселелері жөнінде ашық пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.

Оның айтуынша, қазіргі таңда ол АҚШ-тағы екі компаниямен онлайн форматта сарапшы ретінде жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар әлеуметтік және коммерциялық жобаларды жүзеге асырып, кәсіби тәжірибесін түрлі алаңдарда бөлісуде.

«Мен елден шыға алмаймын. Соған қарамастан Америкадағы екі компаниямен онлайн форматта жұмыс істеп жатырмын. Бұдан бөлек әлеуметтік жобаларым бар, коммерциялық бастамалар бар, солардың барлығында өз білімім мен тәжірибемді пайдаланып келемін. Қай жерде болсам да, өзімді Қазақстанның маманы ретінде сезінемін. Сондықтан қолымнан келгенше елге пайдалы болуға тырысамын. Бұл – мен үшін принциптік ұстаным», – деді ол.

Әбішевтің сөзінше, өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігі жанынан Ғылыми-техникалық кеңес құрылып, оның құрамында жасанды интеллект бойынша арнайы секция ашылған. Сол секцияға төраға ретінде өзі тағайындалған.

Алайда бұл жағдай белгілі бір қайшылықты көрсетеді.

«Бір жағынан министрлік мені сотқа беріп отыр. Екінші жағынан сол министрдің бұйрығымен мен жасанды интеллект секциясының төрағасы болып тағайындалдым. Бұл – логикаға сыймайтын жағдай. Егер мен қауіпті немесе заң бұзған адам болсам, неге стратегиялық бағыттағы жұмысқа шақырады? Бірақ мен эмоцияға берілмедім. Егер өз еліме пайда әкелетін мүмкіндік болса, одан бас тартуды дұрыс деп санамадым», – деді сарапшы.

Оның айтуынша, өзіне қатысты қозғалған іс оның заңға деген көзқарасын түбегейлі өзгерткен.

«Бұрын мен заңға шын сенетінмін. Егер ешқандай құқық бұзбасам, мені жазалау мүмкін емес деп ойлайтынмын. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, заңды бұрғысы келгендер оны бұра алады екен. Айып тағудың формальды негізін табу қиын емес. Ең ауыр соққы – өз еліңде жүріп, өзіңді қорғаусыз сезіну. Бұл – кез келген адамды ойландыратын жағдай», – деді Әбішев.

Сарапшының мәлімдеуінше, оған тағылған айып сыбайлас жемқорлыққа немесе қаржы жымқыруға қатысты емес.

«Бізді ақша ұрлағаны үшін емес, мемлекеттік қызметтің имиджіне нұқсан келтірді деп айыптап отыр. Бұл – түсініксіз әрі даулы формулировка. Екі жыл бойы нақты нәтиже көрсеткенімізді қоғам да көрді. Жүйені ашық етуге тырыстық, процестерді оңтайландырдық. Бірақ соның соңы сотқа ұласты. Мұндай жағдайда кез келген адам ойланады», – деді ол.

Әбішев саладағы заңсыздықтарға қарсы шыққан адамдардың тәуекелі жоғары екенін айтты.

«Егер біреу тыныш өмір сүргісі келсе, жүйедегі былыққа араласпасын. Қарсы шықсаң, сотталасың деген сигнал қалыптасып отыр. Бұл өте қауіпті үрдіс. Себебі қоғамда белсенді, адал адамдар азая бастайды. Ал қорқып қалған жүйе ешқашан дамымайды. Біз осындай таңдаудың алдында тұрмыз», – деді сарапшы.

Ол әділеттілік мәселесін де көтерді.

«Егер заң жұмыс істемесе, әділет сезілмесе, адамда сенім жоғалады. Сенім жоқ жерде даму болмайды. Мұндай жағдайда мамандар шетелге кетуді ойлайды, себебі оларды басқа елдерде құрметтейді. Ал бізде күрескен адам күдіктіге айналады. Бұл – өте ауыр моральдық соққы», – деді Әбішев.

Сарапшы тергеу изоляторында болғанын да жасырмады.

«Мен халқымнан ақша ұрлаған жоқпын. Керісінше, жүйені тиімді етуге тырыстым. Бірақ соған қарамастан қысым көрдім. Іште реніш бар, себебі мен өзімді кінәлі сезінбеймін. Ата-анам заңды бұзба, ешкімге зиян келтірме деп тәрбиеледі. Сол қағидатпен өмір сүрдім, қазір де соны ұстанамын», – деді ол.

Автор
Азамат Қойшығара

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ түлегі. Журналистика саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері - kznews.kz сайтының тілшісі.