Отандасымыз Сәкен Бибосынов финалда ресейлік Вячеслав Рогозинмен жұдырықтасты, деп хабарлайды kznews.kz.
Жекпе-жектің алғашқы раундында төрешілердің екеуі Сәкенге басымдық берсе, қалғандары ресейлік боксшыны алға шығарды. Ал екінші раундта Бибосынов айқын басымдық танытып, 5:0 есебімен жеңіске жетті. Шешуші раундта да ол жылдамдығы мен жинақылығын көрсетіп, қарсыласына мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде Сәкен Бибосынов екі дүркін әлем чемпионы атанды.
Чемпионат жолында қазақстандық боксшы Танзания өкілі Факи Исса Факиді, Ботсванадан Катего Кеорапетсеніжәне Замбия боксшысы Муенго Муалені жеңіп шықты.
Сәкен Бибосынов – ұлттық құраманың тәжірибелі спортшыларының бірі. 1992 жылы туған былғары қолғап шебері 2020 жылғы Токио Олимпиадасында қола жүлде иеленген. Ол әлем чемпионатында 2021 жылы алтын, 2019 жылы қола медаль алса, Азия чемпионатында 2022 жылы күміс, 2021 жылы қола жүлдеге қол жеткізген.