KZNews.kz
Жаңалықтар

Шәкен Айманов қайтқан күні күйеу баласы Асанәлі Әшімов жерленді: Арасы тура 55 жыл

Қайсар Қанат
Arasha.kz коллажы. Суретте: Асанәлі Әшімов пен Шәкен Айманов

Танымал айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева әлеуметтік желідегі парақшасында көпшілікке беймәлім, ерекше деректі бөлісті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Айнұр Тұрсынбаеваның жазуынша, қазақ киносы мен өнер тарихында назардан тыс қалып келген тосын сәйкестік бар екен.

"Шәкен Айманов қайтқан күні Асанәлі Әшімов жерленді. Асанәлі Әшімов пен Шәкен Аймановтың арасында туыстық қатынастың болғанын бірі білсе, бірі біле бермейді. Асанәлі ағамыз – Шәкен Аймановқа күйеуі бала. Бүгін – Шәкен Аймановтың қайтыс болған күні. Бүгін Асанәлі Әшімовтің жамбасы жерге тиген күн. Не деген сәйкестік? Қазақтың өнеріндегі, тарихындағы, киносындағы ешқашан өлмейтін тұлғалар желтоқсанның ызғарында көрерменін ызғарлы мұңға батырып кете барғаны... Асанәлі Әшімов атасынан кейін тура 55 жыл өмір сүрген екен. Өмірінің соңына дейін қасқайып сахнада тұрды. Абыз еді! Ортамыздағы аңыз еді", – деп жазды Айнұр Тұрсынбаева.

Шәкен Айманов – қазақтың театр және кино өнерінің іргесін қалаған, оның дамуына орасан үлес қосқан бірегей дарын иесі. Ол 1914 жылдың 15 ақпанында қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Өнерге деген ынта-жігері ерте оянып, бала күнінен жездесі Қали Байжановтың әні мен өнерін тыңдап өседі.

1932 жылы Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырылып, кәсіби актерлік жолын бастайды. Театр сахнасында Ақан сері, Қобыланды, Отелло, Алдар көсе секілді күрделі әрі характері терең образдарды сомдап, ұлттық сахна өнерінде өшпес із қалдырды. Айманов актерлік шеберлігімен ғана емес, режиссерлік талантымен де дараланды.

1947-1951 жылдары Қазақ академиялық драма театрының бас режиссері қызметін атқарып, театр репертуарының көркемдік деңгейін көтеруге ықпал етті. Ол қазақ кино өнерінің негізін қалаушылардың бірі ретінде де кеңінен танылды.

"Біздің сүйікті дәрігер", "Тақиялы періште" фильмдері арқылы ұлттық кинода комедиялық жанрды жаңа белеске көтерсе, "Алдар көсе" мен "Атамекен" туындылары қазақ киносының көркемдік қуатын айқындай түсті. Ал "Атаманның ақыры" фильмі режиссер Аймановтың шығармашылық шыңы ретінде бағаланады.

Шәкен Айманов ұзақ жылдар бойы "Қазақфильм" студиясының көркемдік жетекшісі болып, кино саласының дамуына айрықша еңбек сіңірді. Сонымен қатар Қазақстан Кинематографистер одағының құрылуына белсене қатысып, отандық киноның кәсіби бағытта қалыптасуына жол ашты. Өнердегі ерен еңбегі үшін ол КСРО Халық әртісі атағына және бірқатар мемлекеттік сыйлықтарға ие болды.

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары