Әлеуметтік желіде сәбиін көтеріп жүріп курьер болып жұмыс істейтін аналардың өмірін бейнелейтін қысқаметражды мультфильм тарады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Stop-motion форматында түсірілген туындыда бала күтімі мен күнкөріс қамын қатар алып жүрген әйелдің күнделікті ауыр тіршілігі көрсетілген.
Мультфильм авторы Айяның айтуынша, қоғам аналарды көбіне төзімді болуға үндейді. Алайда олардың отбасын асырау үшін қандай қиындықпен күресіп жүргеніне жеткілікті мән берілмейді.
Автор бұл мәселе бір ғана адамның басындағы жағдай емес, елдегі әлеуметтік саясатқа қатысты өзекті түйткіл екенін атап өтті.
Аталған туынды Алматыда сәбиін өзімен бірге алып, курьер болып жұмыс істеген анаға қатысты оқиғадан кейін жарық көрді. Бұл жағдай қоғамда кең талқыланып, курьерлердің еңбек жағдайы мен жас аналардың әлеуметтік қорғалуы мәселесін қайта көтерді.
Еңбек министрі Асқарбек Ертаевтың мәліметінше, министрлік ірі компаниялармен бірлесіп курьерлерге арналған бірыңғай ереже әзірлеп жатыр. Құжатты келесі айда енгізу жоспарланған.
Министрдің айтуынша, жас аналардың жұмыс істеуіне тыйым салынбайды. Дегенмен мұндай жағдайлардың алдын алу үшін нақты еңбек талаптары мен шарттары бекітілуі мүмкін.