Актер бұл туралы Instagram желісіндегі жеке парақшасында жазған. Дархан Мұсаев бір жыл бұрынғы армандарын еске алып, осы уақыт аралығында өмірінде болған өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың былтыр айтқан тілектерінің бірқатары орындала бастаған.
"Бір жыл бұрынғы тілектер орындалып жатыр"
Дархан Мұсаев өткен жылы айтылған жақсы тілектердің бүгінгі өмірімен үндесіп жатқанын жеткізді.
"Осыдан тура бір жыл бұрын Нұрсейіт Жылқышыбай бауырым бір тілек айтып еді. Шүкір, уақыт өте келе сол тілектердің біртіндеп орындалып жатқанын көріп жүрміз", – деп жазды актер.
Өнер иесі осы уақыт ішінде шығармашылық саласында да бірқатар жұмыс атқарғанын мәлімдеді. Атап айтқанда, жақында түсірілген фильмнің монтаж жұмыстары аяқталған. Қазіргі уақытта туындыны Қазақстан кинотеатрларына шығару үшін дайындық жүргізіліп жатыр. Алайда актердің көпшілікпен бөліскен ең маңызды жаңалығы жеке өміріне қатысты болды.
"Аллаға шүкір, шаңырақ көтердім"
Дархан Мұсаев қайта үйленгенін айтып, жаңа отбасындағы арманы туралы ашық жазды. Оның сөзінше, ендігі тілегі – жары екеуінің сәби сүйіп, ата-ана атануы.
"Аллаға шүкір, шаңырақ көтердім. Ендігі арманымыз – нәрестелі болып, сәбидің тәтті күлкісін есту. Сол күнге де амандықпен жетсек, тіпті керемет болар еді", – деді ол.
Актер бұл жаңалығын ерекше қуанышпен жеткізіп, алдағы өмірінен жақсылық күтетінін білдірген. Сонымен қатар ол әрбір арманның өз уақытымен орындалатынына сенетінін айтты.
"Бәрі де өз уақытымен болсын"
Дархан Мұсаев өткен бір жылдағы өзгерістерге көз жүгіртіп, өміріндегі жақсылықтар үшін шүкіршілік ететінін жеткізді. Оның айтуынша, адам кейде бұрынғы армандарын еске алып, бүгінгі жетістіктерінің қадірін тереңірек түсінеді.
"Кейде бір жыл бұрынғы армандарыңа бүгінгі күніңнен қарап, Аллаға шүкір айтасың. Әлі де орындалмаған талай тілек бар. Бәрі де өз уақытымен, қайырлысымен болсын!" – деп жазды өнер иесі.
Актердің бұл жазбасы әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударған. Оқырмандар оған жаңа отбасылық өмірінде бақыт тілеп, ақжарма ниеттерін білдірген.
"Бақытты болыңыздар", "Ұлды, қызды болыңыз", "Жарыңыз егіз ұл тапсын", "Өміріңіз осылай өзгергеніне қуаныңыз", – деп жазды желі қолданушылары.
Еске сала кетейік, бұған дейін Танымал актриса Дариға Бадықованың бұрынғы күйеуі Дархан Мұсаев пен актер Олжас Абайдың бұрынғы жары Аймира Аманның бірге түскен видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланған.