Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен болған кездесуін еске алды, деп хабарлайды kznews.kz.
Әншінің айтуынша, бұл оқиға шамамен 25 жыл бұрын, оның сахнада жүргеніне ширек ғасыр толған кезде болған. Сол уақытта Роза Рымбаева арнайы шақыртумен Назарбаевтың қабылдауына барған.
"Бір жылдары мені Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. Ол кезде сахнада жүргеніме 25 жыл толған еді. Мен сол кезде шақыртумен бардым. “Аға, мен сізді концертіме шақырамын. Келіп арнайы қонақ болыңыз”, – дедім", – деп еске алды әнші.
Роза Рымбаеваның сөзінше, сол кезеңде ол жұбайы Тасқын Оқаповтың қазасынан кейін ауыр күйзелісті бастан өткеріп жүрген. Назарбаев оның мерейтойлық концертіне келіп, қолдау білдірген. Кездесу кезінде Нұрсұлтан Назарбаев әншіден қандай көмек қажет екенін сұраған.
"Роза, не керек? Қандай көмек қажет?” – деп сұрады. Ал мен “үйім кішкентай, аядай үйде тұрамын, жағдайымыз мәз емес” деп айтуға арландым. Оның орнына “аға, менде бірді-екілі мәселем болса, әкімдікке айтармын” деп жауап бердім. Мен ештеңе сұрамадым", – деді Роза Рымбаева.
Өнер иесінің айтуынша, сол кездесуде Назарбаев оған алғыс айтып, раушан гүлдерін сыйлаған. Роза Рымбаева тұңғыш президенттің концертіне келуін сол қиын кезеңде өзіне көрсетілген моральдық қолдау ретінде қабылдағанын жеткізді.