Тоқаев Қытайдағы алапат жарылысқа байланысты Си Цзиньпинге көңіл айтты
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Reuters: Қазақстан Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектесті ме?

Reuters: Қазақстан Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектесті ме?
Фото: AI көмегімен жасалған.

Reuters ақпарат агенттігі жариялаған кезекті материалда Қазақстанның аты аталды. Мәселе Ресейге салынған санкцияларды айналып өту тақырыбына қатысты. Мақала 1-мамырда жарияланған.

Мақала мазмұнына үңілсек, Еуропа елдеріндегі сауда-саттық компаниялары батыс пен АҚШ тарапынан салынған қатаң санкцияларға қарамастан Ресей нарығына өнім жөнелтуді тоқтатпай отырған көрінеді.

Бұл жолғы дауға даниялық FLSmidth компаниясы іліккен. Қазір компанияға қатысты санкциялық шектеулерді бұзуы мүмкін әрекеттер бойынша ішкі тергеу жүріп жатыр. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, Копенгаген іскерлері мен Ресейдегі тұлғалар арасындағы байланысқа Қазақстандағы жеке компаниялардың қатысы болуы мүмкін. Сөз кейбір жобаларға байланысты алдын ала тендерлік материалдардың қазақстандық компания арқылы рәсімделіп, артынша Ресейге берілгені туралы болып отыр. Компания өкіллепі бұл әрекеттер нақты келісімшартқа дейінгі кезеңде болғанын атап өтеді. Соған қарамастан, FLSmidth барлық күмәнді тендерлерді тоқтатып, орын алған жағдай туралы АҚШ Қаржы министрлігінің OFAC басқармасына және Дания билігіне өзі хабарлаған.

Осыдан кейін батыс баспасөзі еуропалық бизнестің Ресей нарығынан жаппай шыққаны туралы мәлімдемелеріне қатысты күмәнмен қарайтынын жазып жатыр. Қоғамдық пікір кәрі құрлықтағы іскерлердің сөзі бір басқа, ісі бір басқа болып, Ресей экономикасына қатысуын тоқтатпай отыр деп айыптайды екен. Әсіресе, олардың үшінші елдер арқылы жанама байланыстарды толық үзбегені байқалады деп жазады батыс баспасөзі. Яғни, еуропалық құзырлы органдар мен баспасөздің күмәнмен қарап отырған мұндай "транзиттік аймақтардың" қатарында Қазақстанның да аты бірнеше рет аталған.

Айтпақшы, Reuters ақпарат агенттігінің зерттеу нысанасына айналған FLSmidth компаниясы Даниядағы тау-кен және цемент өнеркәсібіне арналған технологиялар өндіруде әлемдік көшбасшылардың бірі екен. Трансұлттық компанияның нарықтық капитализациясы шамамен 4 млрд доллар құрайтын көрінеді. 

Жалпы, алпауыт компанияның санкциялық дауға ілігуі Копангаген билігін алаңдатқанға ұқсайды. Өйткені, бұған дейін де елдегі жеке бизнес жобалардың санкцияларды айналып өтуге тырысқаны туралы мәліметтер айтылған еді. Мысалы, даниялық Berlingske басылымының мәліметінше, санкциялар енгізілгеннен бері 135 дат компаниясына үшінші елдер арқылы санкцияларды айналып өту қаупі бойынша ресми ескерту жасалған. Соның бірнешеуінде күдік тудыратын негізгі транзиттік аймақтар ретінде Қазақстан мен Армения аталады.

Тағы бір мысалда, Данияның арнайы қылмыстарды тергеу қызметі елдегі Flügger концернінің топ-менеджментін ұстағаны туралы айтылады. Ол компанияға Қазақстан, Эстония, Әзербайжан және Қырғызстан арқылы Ресейге өнім жеткізген деген айып тағылған.

Айтпақшы, Қазақстан билігі Еуропа елдері тарапынан көтерілген мәселелерге, оның ішінде Ресейге қатысты санкцияларды айналып өтуге көмектесуге қатысты сұраққа нақты жауап берген жоқ.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.