Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасы интернетте экстремистік материалдарды әдейі іздегендерге әкімшілік жауапкершілік жүктеуді көздейтін заңды мақұлдады. VPN арқылы бұғаттауларды айналып өтуге тырысқандарға 5 мың рубльге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Сонымен қатар, VPN-сервистерді жарнамалағандар мен оларды іске асыратын операторларға да жаза қарастырылған. Билік бұл шараларды ақпараттық кеңістікке бақылауды күшейту қажеттілігімен түсіндіреді, деп хабарлайды kznews.kz сайты pravo.ru порталына сілтеме жасап.
2025 жылғы 22 шілдеде Мемлекеттік дума үшінші оқылымда интернетте тыйым салынған ақпаратты қасақана іздегендерге әкімшілік жауапкершілік қарастыратын заңды қабылдады. Атап айтқанда, бұл – Ресейдің ресми федералдық тізіміне енген экстремистік материалдар. VPN және басқа да бұғаттауларды айналып өту құралдарын пайдалану ауырлататын мән-жай ретінде қарастырылады.
Жаңа заңға сәйкес, Ресейдің Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексіне 13.53-бап енгізілуі мүмкін. Ол тыйым салынған материалдарды әдейі іздеген немесе оған қол жеткізген азаматтарға 5 мың рубльге дейін айыппұл салуды қарастырады.
2025 жылғы 22 шілдедегі жағдай бойынша мұндай материалдардың тізімі 536 бетті қамтиды. Оның ішінде Meta компаниясына тиесілі, Ресейде экстремистік деп танылған Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі жарияланымдар да бар.
Бұдан бөлек, заң VPN-сервис провайдерлері мен байланыс операторларына тыйым салынған сайттарға қолжетімділікті шектемегені үшін жауапкершілік енгізеді. Мұндай сервистерді жарнамалағаны үшін де айыппұл қарастырылған: жеке тұлғаларға – 50-80 мың рубль, лауазымды тұлғаларға – 80-150 мың, ал заңды тұлғаларға – 200-500 мың рубль.
Ресей билігінің айтуынша, бұл жаңашылдықтардың мақсаты – ақпараттық кеңістікке бақылауды күшейтіп, қолданыстағы шектеулерді айналып өту әрекеттерінің алдын алу.