Тележүргізуші әрі режиссер Александр Олейников 61 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Бұл туралы ТАСС агенттігі марқұмның таныстарына сілтеме жасап хабарлады.
Марқұмның жақын танысының айтуынша, қайғылы оқиға түнде, үйінде болған. «Түнде үйде еді. Темекі шегуге шығып, сол күйі құлап түсті», – деді ол. Кенеттен болған өлімнің себебі тромб болуы мүмкін екенін болжаған.
Александр Олейников 1993 жылы ТВ-6 телеарнасына жұмысқа келген. 2001 жылы Ресей теледидар академиясының мүшесі атанды. Алайда сол жылдың сәуірінде НТВ ұжымы ТВ-6 арнасына ауысқаннан кейін, ол телеарнадан кеткен. 2001 жылдың мамырынан қазанына дейін НТВ-да бас продюсер болып еңбек етіп, жаңа бағдарламалардың іске қосылуына атсалысқан. Кейін 2002 жылдың наурызына дейін бағдарламалар директоры қызметін атқарды.
2002 жылы «Россия» арнасына ауысып, «Доброе утро, Россия!» және «Вести+» жобаларына жетекшілік етті. Одан соң тәуелсіз продюсер ретінде жұмысын жалғастырды. 2006–2012 жылдары ТВЦ телеарнасының бас продюсері болды.
2013 жылы «Первый каналдағы» «Вечерний Ургант» шоуының үшінші маусымында бірге жүргізуші ретінде көрінді.
Олейников көптеген ресейлік фильмдер мен сериалдардың продюсері әрі сценарисі ретінде де танылған. Оның шығармашылық қоржынында деректі жобалар («Ледовая коррида Валерия Харламова», «Алексей Смирнов. Две славы солдата и актера»), мелодрамалар («Моя любимая свекровь»), әскери бағыттағы туындылар («Военная разведка»), криминал жанрындағы сериалдар («Граф Крестовский») және толықметражды комедиялар («Любовь-морковь», «Приключения чокнутого профессора») бар.
2020 жылы Александр Олейников «Детектив на миллион» сериалының екінші бөліміне бас продюсерлік етіп, сондай-ақ «Стажеры» драмасының да продюсері болғаны айтылады.