Әзірге бұл сайлауда биліктегі «Біртұтас Ресей» партиясы алда келеді.
Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының сайлау учаскесінен шыққан азаматтар арасында жүргізген сауалнамасында Ресейдегі билеуші партия 49,4 пайыз дауыс жинаған. Сондай-ақ, Ресей Федерациясының Коммунистік партиясы 14,2 пайыз, Ресейдің Либералдық-демократиялық партиясы 10,7 пайыз, "Жаңа адамдар" партиясы 9,7 пайыз, "Әділетті Ресей" партиясы 6,6 пайыз үлеске қол жеткізген.
Ал Ресей Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, осы сәтке дейін бюллетеньдердің 13,88 пайызы саналған. Алдын ала мәліметке сәйкес "Біртұтас Ресей" 57,54 пайыз көрсеткішке ие болған.
Сауалнама 69 өңірдегі 1 755 сайлау учаскесінде жүргізілген. Оған 266 мыңнан астам сайлаушы қатысқан. Электронды дауыс берген азаматтар экзитполға енгізілмеген.
Жалпы, Ресейдегі бүгінгі сайлауға қатысу деңгейі 56,66 пайыз болды. Қашықтан электронды дауыс беру жүйесі арқылы 3,3 миллион адам дауыс берген.
Қазір дауыстарды санау жалғасып жатыр. Түпкілікті нәтиже кейін жарияланады.