Ресейдің Иркутск облысында оба індетін жұқтырды деген күдікпен 200-ден астам адам ауруханаға жатқызылды.
Атының өзінен адамзат шошынатын кеселден көз жұмған бойжеткенмен қарым-қатынаста болған жүздеген адам қатаң медициналық бақылауға алынды, деп хабарлайды kznews.kz
Ресейлік ақпарат құралдарының мәліметінше, контактіде болған барлық адамдар екіге бөлініп, Иркутск облысының екі жергілікті ауруханасына шұғыл түрде оқшауланды. Тағы 20-ға жуық адам арнайы обаға қарсы институтқа жіберіліп, ерекше бақылауға алынған. Ауруханаға түскендердің кейбірінде аурудың қауіпті нышандары байқалып үлгерген. Бірақ үрейлі диагноз ресми түрде қойылмады: дәрігерлер ең нашар сценарийдің алдын алу үшін күресіп жатыр.
Иркутск облысындағы Шелехов аудандық ауруханасында эпидемияға қарсы қатаң шаралар енгізілді. Аурухана стационары карантинге көшіріліп, бірнеше бөлімшеде науқастарды қабылдау мен шығару уақытша тоқтатылды.
"РЕН ТВ" телеарнасының хабарлауынша, ахуал шегіне жетіп тұр, шұғыл қызметтер мен құқық қорғау органдары өлім қаупін тоқтату үшін науқастармен соңғы аптада кездескен әрбір адамды анықтауға тырысуда.
Іркіт қаласында күш құрылымдары мен әкімшілік ведомстволар басшыларының қатысуымен шұғыл кеңес өтті. Сондай-ақ, 2 қазанда санитарлық-эпидемияға қарсы комиссия жедел отырысқа жиналған: оған Мәскеуден "Роспотребнадзор" федералдық агенттігінің басшысы Анна Попованы өзі арнайы жетіп, жеке қатысты.
Шелехов қаласының жұртшылығы үрей құшағында: жергілікті тұрғындар көшелерде толық бітеу қорғаныш костюмдер мен бетперде киген адамдар қаптап кеткенін әлеуметтік желіде жазды. Төтенше жағдайдың атмосферасы күн санап күшейіп келеді: куәгерлердің мәлімдеуінше, әлеуметтік мекемелерге, соның ішінде балабақшаларға қорғаныш құралдары мен қолғаптарды жаппай тарату басталып кетті.
Өлімге соқтырған өкпе обасының құрбаны – обаға қарсы институттың 28 жастағы қызметкері. 29 қыркүйекте әйел "ковид" деген күдікпен Шелехов ауруханасына жатқызылып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Небәрі екі күннен кейін, дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, ол көз жұмды.
Қауіпті індеттің ошағы қайда екені жұмбақ күйінде қалуда. Ресейлік Mash Telegram-арнасының дерегінше, тергеушілер жұқтырудың екі сұмдық нұсқасын қарастырды. Біріншісі – жұмыс орнындағы қайғылы кездейсоқтық: обаға қарсы мекеменің лаборанты диагностика үшін биоматериал жинау кезінде қауіпті бактериясы бар пробирканы байқаусызда сындырып алған. Зертхана бүгінде шынымен де талдаулар қабылдауды және жоспарлы зерттеулер жүргізуді тоқтатты.
"Құрбанның аты Дарья Шипилова, ол Иркутск обаға қарсы институтында лаборант болып жұмыс істеген. 25 қыркүйекте ол өкпе обасының қоздырғышы бар пробирканы сындырып алған, содан кейін өзін нашар сезінген. Бұл туралы оның әріптестері де мәлім етті. Әйел Шелехов аудандық ауруханасына жатқызылды. Ол жерде үш күн болып, 2 қазанға қараған түні қайтыс болды", – деп жазды "Люди Байкала" басылымы. Бұл нұсқаны ресми ведомстволар әзірге жария түрде растаған жоқ.
Екінші нұсқа – қатерлі іссапар: ресейлік ақпарат құралдары бұған дейін әйелдің Моңғолия шекарасында "обаның табиғи ошағы тіркелген" Бурятияға жұмыс сапарынан оралғанын хабарлады.
Билік өкілдері Шелехов қаласындағы аурухана науқасының шын мәнінде обадан қайтыс болғанын ресми түрде растады. Бұл туралы 2 қазанда "Макс" мессенджеріндегі арнасында Бурятия басшысы Алексей Цыденов мәлімдеді. Алайда ол бұл өлім оқиғасына өз өңірінің қатысы барын жоққа шығарды.
"Роспотребнадзордың, сондай-ақ Бурятия Республикасы үкіметінің мәліметінше, Иркутск облысында обадан қайтыс болған әйел Бурятияға келмеген. Республикада оба ошақтары жоқ, соның ішінде Моңғолиямен шекаралас аумақта да жоқ. Жұқтыру ошағы Бурятияға қатысты емес өзге мән-жайлармен байланысты", – деді Цыденов.
Бұл ресми жоққа шығару көрші елдегі дүрбелеңді одан ары күшейтті: өйткені жауапты тұлғалар әлі күнге халықтың өміріне үлкен қауіп төндіретін індет эпицентрінің қайда екені туралы басты сұраққа жауап бермеді.
Оның үстіне, Ресей ғылым академиясының академигі және Ресей білім академиясы президентінің орынбасары Геннадий Онищенко ТАСС агенттігіне берген сұхбатында Иркутск облысында тіпті "басқа бір экзотикалық инфекция жайлауы" мүмкін екенін болжады.
"Ресейдегі барлық оба ошақтары табиғи: олар тұрақты бақылауда. Бірақ ызғар түскелі, обаның барлық тасымалдаушылары бүгінде "ұйықтап" жатыр", – деп түсіндірді эпидемиолог.
Бірақ оба қаупі сейілген жоқ, академик Геннадий Онищенко бұл қауіпті инфекцияның инкубациялық кезеңі шамамен жеті күнді құрайтынын ескертті. Бұл көрші елде індеттің өршу қаупі жоғары екенін және ықтимал жұқтыру толқыны өңірді алдағы апта бойы қамтуы мүмкін екенін білдіреді.