Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында Тараз, Қызылорда және Түркістан қалаларында жаңа ресейлік мектептер салу жоспары барын мәлімдеді, деп хабарлайды Kznews.kz Todayinfo-ға сілтеме жасап.
Дипломат бұл бастаманы екі ел арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған қадам ретінде атап өтті. Оның айтуынша, келісім аясында Ресейдің Омбы, Астрахань және Орынбор қалаларында да қазақстандық мектептердің құрылысы қолға алынбақ.
«Біз гуманитарлық саладағы білім беру бастамаларын жоғары қарқынмен іске асырып жатырмыз. Тараз, Қызылорда және Түркістан қалаларында ресейлік мектептердің құрылысы жоспарлануда», — деді елші.
Сондай-ақ, сұхбатта Алматы маңында дарынды балаларды анықтап, дамытуға бағытталған ресейлік «Сириус» білім беру орталығының филиалын ашу мәселесі де сөз болды.
Алексей Бородавкин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге жасаған сапарын жоғары бағалап, оны екі ел басшылары арасындағы «ерекше одақтастық пен терең жеке сенімнің көрінісі» деп атады. Елшінің айтуынша, стратегиялық серіктестікті тереңдету туралы декларация «жай ғана құжат емес, нақты іс-қимыл жоспары».
Бұдан бөлек, сұхбат барысында АЭС салу тақырыбы қозғалып, елші жақын уақытта станция құрылысына қатысты құжаттарға қол қойылып, Ресейдің мемлекеттік несие беру рәсімдері аяқталатынын жеткізді.
Сөз соңында дипломат Президент Тоқаевтың Халықаралық орыс тілі ұйымын құру туралы бастамасының іске асырыла бастағанын айтып, Қазақстандағы ресейлік отандастар ұйымдары мен Орыс православие шіркеуін екі ел арасындағы «гуманитарлық авангард» және этносаралық татулықтың негізі деп бағалады.