KZNews.kz
Әлеумет

Раушан-мотиватор. Ғылымға негізделген жол ғұмырлық мақсатқа жеткізеді

Қалмаханбет Мұқаметқали
Фото: ашық дереккөздерден

Раушанмен алғашқы таныстығымыз 1993 жылы басталды. Бір оқу орнында оқыдық, бір жатақханада тұрдық.

Сол кездің өзінде оқуға деген алғырлығымен қатарластарының, ұстаздардың аузынан түспейтін. Кеше ғана мектеп бітіріп келген өрімдей өжет қыз қоғамдық жұмыстардың да ортасында жүретін. 

Біз Раушанды мақтан ететінбіз. Уақыт өтті, оқу бітірдік, әркім әртүрлі салада еңбек жолын бастады. Құрбымыздың алғашқы еңбек ортасы телевидения саласы болды. Нағыз майталмандардың арасында жүріп шыңдалды. Бірақ, ғылымға деген құштарлық оны Әуезов әлемін тереңірек зерттеуге жетеледі. Уақыт өте келе филология ғылымдарының кандидаты атағын қорғап, жоғары оқу орнында ұстаздық қызмет атқарды. Бір қалада тұрып, күнде көрмесек те, сырттай бір-бірімізге тілекші болып жүрдік. 

Ал осыдан 15 жылдан астам уақыт бұрын бір кездескенде Раушан ши бауырсақ пісіріп, сатуға шығарып жүргенін айтқанда таң қалдым. Мен білгелі білім мен ғылым, қоғамдық жұмыста белсеніп жүретін құрбымды осылайша жаңа қырынан танығандай болдым. Осылайша құрбым үйдегі қара қазанда қазіргі «Адал Ас» компаниясының алғашқы өнімдерін пісіріп шығара бастаған екен. Сол кезде тәтті ши бауырсақ күнделікті дастарханда, шай ішуге таптырмас өнімге айналғандықтан, клиенттердің сұранысына ие бола бастады. Осы кезде құрбымыздың іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеттері байқала бастады. Маңайына бастапқыда 2-3 адамды, кейіннен 10-15 пысық әйелді тартып, бауырсақ пісіруге бел шеше кірісіп кетеді. Өзі сол уақытта университетте әжептеуір кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметін атқарып жүрді. ЖОО-да оқытушылар, студенттермен жұмыс, одан бос уақытта үйдегі бауырсақ пісіру ісіне қалай үлгереді деп таңқалушы едік.

Міне, кейінгі 5 жылда құрбымның шақыруымен келіп, Ермек екеуі құрған «Адал Ас» компаниясында иық тіресе жұмыс істеп келеміз. Бұрын мүлде басқа салада еңбек еткен мен үшін, тамақ өндірісі жаңа әлем болды. Оның «ішкі асханасына» ену де оңайға соқпады. Өндірісте шығарылатын өнімдердің рецептері, кондитерлердің еңбекақысы, дайын өнімді клиентке ұсыну, оны сату сияқты үздіксіз процестерді Раушанның байыппен ұйымдастыратынын көргенде, қайран қалдым десе де болады. Өмірі гуманитарлық бағытта еңбек еткен құрбымның сан қырлы адам екеніне көзім жетті. Өндірісті жолға қойып, оны заманауи бағытта дамыту да уақыт талабы ғой.

Раушан өмірлік жары, іскер азамат Ермек Асылғазыұлы екеуі бизнесті дамыту жолында ұзақ ізденді. Ермек болса жапониялық Кайдзен жүйесі бойынша білім алып, оны Семейде өндіріске енгізген кәсіпкерлердің бірегейі. Бұл бағыт үздіксіз дамуды, шығынды азайтып, табысты молайтуды көздейтін жүйе болғандықтан, бүгінде өміршеңдігін көрсетіп отыр. 

«Отбасында әйел мен еркектің ролі екі бөлек деп айтып жатамыз ғой. Иә, орыны екі бөлек болғанымен көзқарастары мен өмірлік ұстанымдары бір жерден шықпаса, ол да қиын. Өйткені, отбасы кішігірім мемлекет деп алсақ, осы мемлекеттің аяғынан тік тұруы екі адамға да байланысты дер едім. Маңызды шешім қабылдарда мен әрдайым жарыммен ақылдасамын. Оның көзқарасын білемін. Не ойлайтынын сұраймын. Өйткені үлкен істе, әсіресе айналаңдағы адамдармен ынтымақтастық орнатқанда әйел адамның ақылы керек-ақ. Кәсіптің ары қарай да дамуы үшін, мысалы біз екеуміз білім жетілдіруге барып, бірге оқимыз. Себебі, білім мен тәжірибе қатар толысқанда, екі адам бір бағытта, бір толқында болғанда береке кіреді. Сегіз сағат жұмыс істеп үйге келгеннен кейін ақылдасып шешетін мәселелер болады. Сол кезде жарыңның көзқарасы сенің көзқарасыңмен үндесіп жатса, іштей риза боласың. Тәубе етесің. Жалпы, өмір жолында бір кемеде жүздің бе, жарың екеуің қатар дамып, бірге оқуы керек деп ойлаймын. Бұл – менің кәсіптегі ұстанымым...» дейді Ермек Асылғазыұлы.

Біздің Раушан қазіргі таңда Іскер әйелдер қауымдастығы мен «Аманат» партиясының мүшесі болғандықтан, қоғамдық істерге белсене араласады. Ол сондай-ақ, қайырымдылық істердің басынан табылып жүреді. Атақарылған көп шаруаның бәрін тізе бермей, біреуіне ғана тоқталсам деп едім. Семейде меценаттардың көмегімен ашылған «Абай-Зере» мектебі бар. Мұнда облыстың шалғай ауылдардағы тұратын ата-аналардың балалары жиналған. Әрқайсысы өз қабілеттерімен дараланған оқушылардың толыққанды заманауи білім алуына толық жағдай жасалған. Раушан Мұратханқызы қазір осы мектепте оқитын қыз балаларға рухани тәрбие беруге атсалысып жүр. Бос уақытын балалармен бірге түрлі мәдени шараларға қатысуға, тұрақты түрде қала сыртына қыдыртып, табиғат аясында, таза ауада демалуға апаруға арнайды. Бұл да уақыт қана емес, қанша ерік-жігерді талап ететін шаруа.

Жалпы, Раушан Мұратқанқызы Мұқажанова туралы айтып, жазатын болсам, бір тақырыптың аясында тауысу мүмкін емес сияқты. Таяуда аяулы құрбымыз айтулы мерейлі жасқа толды. Ол бүгінде көпке үлгі болған жан. Өзі әке-шешенің сүйікті қызы, азаматтың адал жары, балалардың аяулы анасы, ата-ененің инабатты келіні ретінде сыйлы. Іскерлігі, қайырым жасауы туралы аз-кем айттым. Раушанның осы міндеттердің бәрін тең ұстап, айналасына нұрын шашып, үнемі жақсылықтың жаршысы болып жүретіні айналасындағы таныс, біліс, дос-жарандарына, үлкен өндіріске айналған ұжымға мотивация беріп, шабыт сыйлайды.

Өйткені, біздің көз алдымызда Раушан ханымның үлкен мотиватор жан ретіндегі бейнесі айқындалған. Ал «мотиватор» дегеннің анықтамасының өзі тұлғаның іс-әрекетін алға жетелейтін ішкі не сыртқы себеп, қозғаушы күш дегенді білдіреді ғой.

Әсіресе, іскерлік бағыттағы мотивация қызметкерді, серіктесті немесе кәсіпкерді нәтижеге, тиімділікке, жауапкершілікке жетелейтін басқарудың және ынталандырудың тетігі екені анық. Раушан Мұратқанқызы осы сөзімізге дәлел.

Рысгүл АЙТКӘРІМҚЫЗЫ,

«Адал Ас» компаниясының HR-директоры

Қалмаханбет Мұқаметқали
Автордың басқа материалдары