Пәкістан жағалауында радардан жоғалып кеткен K2 Airways әуе компаниясына тиесілі Boeing 737-400 жүк ұшағының сынықтары табылды. Алайда бортта болған бес экипаж мүшесінің тағдыры әлі белгісіз, іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Ұшақ 7 шілде күні Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласынан Пәкістанның Карачи қаласына бағыт алған. Ұшу барысында экипаж навигациялық жүйеде ақау шыққанын хабарлап, диспетчерлерден көмек сұраған. Арада небәрі үш минут өткен соң ұшақпен байланыс үзіліп, ол радардан жоғалып кеткен.
Келесі күні Пәкістанның Әуежайлар басқармасы мен құтқару қызметтері Араб теңізінен ұшақтың сынықтарын тапты. Іздестіру операциясына әскери-теңіз күштері, теңіз қауіпсіздігі агенттігі, авиация және арнайы кемелер жұмылдырылды.
11 шілдедегі соңғы мәліметке сәйкес, теңізден ұшақтың қосымша бөлшектері шығарылғанымен, негізгі фюзеляж, қара жәшіктер және бес экипаж мүшесі әлі табылған жоқ. Құтқарушылардың жұмысына теңіздегі қатты ағыс пен қолайсыз ауа райы кедергі келтіруде.
Пәкістан билігі апаттың нақты себебі қара жәшіктер табылып, толық сараптама жүргізілгеннен кейін ғана белгілі болатынын мәлімдеді. Тергеуге елдің авиациялық органдарымен қатар халықаралық сарапшылар да тартылған.