Шоу-бизнес

«Қызымнан бұрын өліп қалмасам екен»: Өнер қырандарының актері жан сырын бөлісті

«Қызымнан бұрын өліп қалмасам екен»: Өнер қырандарының актері жан сырын бөлісті
Фото: sn.kz

“Өнер Қырандары” театрының актері Құдырет Топаев ерекше күтімді қажет ететін қызы туралы айтып, жан сырын бөлісті. Әртіс бұл тақырыпты қозғағанда көзіне жас алып, “қызы үшін Құдайдан өз өмірін ұзақ етуін тілейтінін” жасырмады, деп хабарлайды kznews.kz.

Құдыреттің айтуынша, ерекше балаға ата-анадан артық ешкім қамқор бола алмайды.

"Ата-анасы сияқты қызға ешкім қарай алмайды. Бірінші мен кетіп қалмайыншы деймін. Ең нәзік жерім ғой. Алладан сұрайтыным: 'Я Аллахым, менің қызыма ешкім қарай алмайды'. Шүкір, қазір ата-әжелері бар, қарайды. Бірақ ертең олар да өмірден өтеді. Ата-анасы бірінші кетіп қалса, оны біз көтергендей басқа адамдар көтере алмауы мүмкін", – дейді ол.

Актер үлкен ұлы мен екінші баласына да әпкелеріне қамқор болуды үнемі ескертіп отыратынын айтты.

"Ағасына айтып жүремін: 'Хафиза — аманат саған'. Кейін інісіне де айтамын. Алладан сұрады: 'Аллахым, менің қызыма серік бер' деп. Қазір кішкентайым Маруам бар. Қыз деген ұл сияқты болмайды ғой. Кеше Хафизаны көтеріп әкеліп жатқызып жатырмын. Оны тек мен ғана көтере аламын. Сол кезде Маруам жүгіріп келіп әпкесін сүйіп, аяқ киімдерін шешіп жатыр. Сонда айттым: 'Аллам, сұрағаным осы екен. Болды'. Жанашыры, сіңлісі бар. Балалардың ойында 'бәріміз Хафизаны жақсы көруіміз керек' деген түсінік қалыптасып келеді", – деді әртіс.

Құдырет Топаевтың жан тебіренткен әңгімесі желі қолданушыларын да бейжай қалдырмады. Көптеген аналар мен әкелер актерге жылы тілектерін жазды:

«Сіздей әкесі бар Хафиза ең бақытты бала»,
«Дені сау қызыма кейде ұрсып қойғаныма қазір қатты өкіндім»,
«Алла жеңілдігін берсін»,
«Ерекше емес, дені сау баласына қарамайтын әкелер көбейіп кетті. Сізге Алла сабыр мен қуат берсін», – деп жазды оқырмандар.

Бұл оқиға тек өнер иесін емес, көп ата-ананың жүрегін елжіретті.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz