Жамбыл облысында 19 жастағы Мадина Рашидқызының қазасына қатысты тергеу жалғасып жатыр. Полиция аталған дерек бойынша өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабы негізінде қылмыстық іс қозғаған. Ал марқұмның анасы қызының өз еркімен өмірін қиғанына сенбейтінін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Мадинаның анасы журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында қызының екі жыл бұрын тұрмысқа шыққанын жеткізді. Марқұмның артында 10 айлық ұлы қалды.
Анасының айтуынша, қызының қайтыс болғанын оған бірден хабарламаған. Алматыдан Жамбыл облысына барған кезде ол құдаларынан Мадинаның қайда екенін сұраған. Алайда оған қызының ауруханадан келетінін айтқан.
Марқұмның анасы кейін қызының денесінен көгерген және тырналған іздерді байқағанын мәлімдеді. Сондай-ақ Мадинаның шашында шөп болғанын айтып, осы жайттар оның күмәнін күшейткенін жеткізді.
Ол қызының өзіне қол жұмсағанына сенбейтінін және денесін сүйреген болуы мүмкін деп болжайтынын айтты. Дегенмен бұл – марқұмның анасының жеке болжамы, оның сөздері тергеу қорытындысымен расталған жоқ.
Әйелдің сөзінше, Мадина болашақ күйеуімен интернет арқылы танысқан. Кейін жігіт оны алып қашқан, алайда Мадина сол отбасында қалуға өзі келісім берген.
Марқұмның анасы күйеу баласының 23 жаста екенін және жұмыс істемейтінін де айтты. Сондай-ақ ол қызының отбасында бұған дейін де жанжал болғанын мәлімдеді.
Анасының айтуынша, 13 тамызда Мадина оған хабарласып, үйде «Барни» тәттісіне байланысты жанжал шыққанын жеткізген. Әйел сол жанжал кезінде қызының соққыға жығылғанын айтады.
Қазіргі уақытта Мадинаның қазасының нақты мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Тергеудің түпкілікті қорытындысы әзірге жарияланған жоқ.