KZNews.kz
Қоғам

Шекара күзетіндегі жем дауы: Қызметтік итке 3 миллиард теңге бөлінді

Айжан Сыланова
Фото: ЖИ

Итке дейін 3 миллиардтың тамағын беретін мемлекеттік органдар бізде де бар екен. ҰҚК Шекара қызметі қызметтік иттеріне арналған құрғақ жем сатып алуға 3 млрд теңге бөліпті, деп хабарлайды kznews.kz.

Әңгіме миллиардтаған қаржы туралы болып отыр. Бұл мәліметтерді Protenge телеграм арнасы мемлекеттік сатып алу порталындағы деректерден тексеріп шыққан. Айна-қатесіз осындай цифрларды көрген де ойланып қалдық, аз сома емес, қоғам да шу ете қалды.

Жұмыстың бәрін атқарып жатқан солар деп қолда барды аямай,  қызметтік иттерге жоғары сапалы, яғни элиталық жем қарастырылған болса керек. Әрине, маңызы бар міндет жүктелген иттерге де осындай сападағы жемді пайдалану орынды екенін жоққа шығара алмаймыз. Алайда шекара қызметінде нақты қанша ит бар екені және 3 млрд теңге тек құрғақ жемге жұмсалуы қаншалықты негізді екені әзірге құпия болып тұр. Бірақ қызмет көрсетуге дайын компаниялар саны 127 екені анық жазылған. Дегенмен, нақты қандай баға ұсынылғаны және қаншалықты үнем жасалғаны ашық дереккөздерде көрініс таппаған.

Айта кету керек, мемлекеттік сатып алулардың ашық базасында ҰҚК-ге қатысты сатып алулардың нақты көлемі мен техникалық сипаттамалары көрсетілмейді. Техникалық тапсырманың орнына көп жағдайда «қызметтік ақпаратты жария етпеу туралы міндеттеме» ғана орналастырылады. Осыған байланысты сатып алудың тиімділігі мен негізділігін ашық деректер арқылы бағалау мүмкін емес.

Осы орайда қоғамда қызметтік иттерді күтіп-бағу шығындарына қатысты сұрақтар туындап отыр. Ашық дерек көздеріндегі ақпараттарға сүйенсек, қызметтік иттер үшін арнайы диета болғандықтан әдетте жоғары белокты, сапалы тамақ қажет етеді, бұл шығынды арттыруы мүмкін. Кейбір қарапайым иттерге қарағанда, арнайы қойылған міндеттерді орындау үшін ерекше рацион талап етіледі. Сондықтан азыққа кететін шығын 230 000 – 730 000 теңгені құрайды. Егер премиум диета мен арнаулы рацион болса — жылына миллион теңгеге дейін немесе одан да көп қаржы жұмсалуы мүмкін.  

Жазылған пікірлерден бұл жағдайға халықтың да күдікпен қарағанын, наразы екенін аңғаруға болады. Әсіресе, халықтың жағдайы мына иттерден де төмен екенін айтып, дабыл қағуда. Тіпті иттен хабары бар оқырман олардың тұқымына байланысты екенін жазып, өздігінше есептеп беріпті. Бірақ бұл болжам ғана.

Жалпы, жағдай осы. Әрине, адал жануар деп ерекше көңіл бөлгенімізбен, оны да бас пайдамыз бен арам ойымызды іске асыруға пайдаланбасақ болды бастысы. Ит екеш итті де дұрыс тамақтандырып, жағдайын жасап жатырмыз. Халыққа да солай көңіл бөлуді ұмытпайықшы.

Айжан Сыланова
Автордың басқа материалдары