Желіде арбаға таңылған Тараздық жігіттің үйлену тойынан түсірілген әсерлі видео кең тарады, деп хабарлайды kznews.kz.
Бейнежазбада күйеу жігіт Азамат Адамбек қалыңдығына Қазыбек Құрайыштың «Таптым-ау сені» әнін орындап отыр. Ал қалыңдықтың толқып, көз жасын тыя алмай жатқаны көрінеді. Жігіттің досының айтуынша, жас жұп дәл бір жыл бұрын, 16 қарашада қарым-қатынасын бастаған.
Видео желіде көпшіліктің қызу талқысына түсті. Кейбір пікірлерде махаббаттың алдында ешқандай кедергі жоқ екені айтылып, жас отбасына бақыт тілегендер бар:
«Бақытты болыңыздар», «Тек қуаныш тілеймін», «Мүмкіндігі шектеулі жандар да біз секілді өмір сүреді, олардың да арманы бар», – деп жазғандар.
Алайда көпшілік қыздың шешіміне күмәнмен қарайды:
«Ата-анасы неге келісті? Ол қызға қорған бола алмайды ғой», «Қыз кейін өкінбеу үшін не істейді?», «Бұл тым ерекше жағдай», «Екі жаққа да қиын болатыны анық», – деген пікірлер бар.
Желі қолданушыларының пікірлері екіге жарылғанымен, көпшілігі жас жұпқа түсіністікпен қарап, олардың бақытын тілеп отыр.