"Қыз ақырын күлу керек". Алматыдағы Абай университетінің қыздарға өткізген жиыны қызу талқыға түсті

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті студент қыздарды жинап, өздерін қалай ұстау керегі туралы насихат жасаған. Мұны студент қыз Qumash Telegram-арнасына айтып берген, деп хабарлайды Kznews.kz порталы.
Жиында ақыл мен моральға толы плакаттар да болған. Плакаттарда қыз «ақырын сөйлеп, ер адамға жол беруі керектігі» жазылған.
“Университет әкімшілігі бірінші курстың барлық қызын яғни 40-50 адамды жинап, қыз баласы инабатты, ибалы болу керек деген плакаттарды ілген. Содан кейін әртүрлі жастағы ер адамдардың қыздардың мінез-құлқы туралы айтқан видеороликтерін қосқан”, – делінген арнада.
Студенттің айтуынша, видеоның негізгі тезисі қыздар ашық-шашық киінбеуі керегін, қатты дауыс шығарып сөйлемеуге тиіс екенін, ер адамдарды көргенде, иіліп сәлемдесу керегін түсіндіреді. Сондай-ақ ұзын белдемше кию әдептілік белгісі деп айтқан.
Сонымен қатар аға оқытушы еуропалық әйелдерге еліктеуге болмайтынын айтқан. Олардың шамадан тыс еркіндігінен ЛГБТ және басқа да нәрселер кең таралғанын айтты. Оларды жиыннан шығармай қойыпты.
Желі қолданушыларының біразы “жігіттер қандай болуы керегі туралы да жиын өткізіңіздерші”, “Әйелдерді жайына қалдырыңыздар. Бізді тәрбиелеп, ақыл айтуды доғарыңыздар. Қыздар өз өміріне өзі жауапкершілік ала алады. Ерлерге өзін-өзі ұстауды үйретіңіздер”, деп жазса, кейбірі “салт-дәстүрін үйретейін деп жатыр ғой” деп жазған.
Университет жиын өткенін растады. Олар бұл нәрсені «ұлттық құндылық пен Абай Құнанбаевтың тәлім-тәрбиелік философиясын дәріптеу» деп түсіндіріп, мұндай іс-шаралар тұрақты өткізіліп тұратынын айтқан.