Әлем

Қытайда есектің сүті мен терісі табысты бизнес көзіне айналған

Қытайда есектің сүті мен терісі табысты бизнес көзіне айналған
Фото: Руслан Ғаббасов/Kazinform

Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Тудунцзы мемлекеттік фермасы ауыл шаруашылығының бірнеше саласын біріктірген бірегей кешен болып саналады. Мұнда мақта өсіру мен егін шаруашылығынан бөлек, соңғы жылдары алып қара есек тұқымын өсіру бағыты ерекше дамып келеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Ферма өкілдерінің айтуынша, есекті күтіп-бағу көп шығын мен күшті талап етпейді, ал оның терісі мен сүті бүгінде жоғары сұранысқа ие өнімдер қатарында.

– Есектің терісінен дәстүрлі қытай медицинасында қолданылатын дәрілік препараттар өндіріледі. Қазір нарықта мұндай өнімдерге үлкен сұраныс бар. Ал есек сүті түрлі ауруларға шипа ретінде пайдаланылады. Біз оны суық тиюге шалдыққандарға, сондай-ақ қатерлі ісікке операция жасағаннан кейінгі науқастарға ұсынамыз, – деді ферма өкілдері.

Кәсіпорын бұл бағытта он жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда есек сүті құрғақ ұнтақ түрінде де сатылымға шығарылған.

Фермерлердің айтуынша, жылқы өсіру үшін кең жайылым қажет болғандықтан, есек шаруашылығы жер ресурстары шектеулі аймақтар үшін анағұрлым тиімді бизнес болып отыр.

Тудунцзы мемлекеттік ауыл шаруашылығы фермасы 1955 жылы құрылған. Әкімшілік тұрғыда Фукан қаласына қарайды. Шаруашылықтың жер және су қоры мол, ал негізгі дақылдары – бидай, жүгері, мақта, қант қызылшасы мен қарбыз.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz