Қазақстандық көлік иелерінің бір бөлігіне АИ-95 маркалы бензинге көшуді міндеттеу көзделіп отыр.
Мәселе негізінен Қытайда өндірілген көліктердің иелеріне қатысты. Автомобиль нарығын талдау және мониторинг агенттігінің бас директоры Артур Мискарянның айтуынша, алдағы уақытта кейбір қытайлық брендтердің ресми дилерлері көлікті кепілдікте сақтау үшін АИ-95 маркалы бензинді пайдалануды міндетті талап ретінде ұсынбақ.
Қазір көптеген модельдерге АИ-92 бензинін қолдануға рұқсат етілген. Алайда талаптар күшейген жағдайда жүргізушілер жанармай тапшылығына тап болуы мүмкін.
«АИ-95 маркалы бензинге сұраныс артқан кезде, мұнай өңдеу зауыттары бұл көлеммен қалай күреседі және К5 класты жанармай өндіру қашан жолға қойылады – бұл үлкен сұрақ. Қазір мұндай бензинді табу қиын, ол Алматыдағы санаулы жанармай құю бекеттерінде ғана бар. Ал экологиялық талаптар өндірушілер мен импорттаушыларға жыл сайын күшейіп келеді», – деді Артур Мискарян.
Сарапшының айтуынша, қазіргі бензин сапасы мен көліктердің жиі кептелісте жүруін ескерсек, автокөлікті әр 5-7 мың шақырым сайын техникалық қызметтен өткізу орынды.