Қазақстанда су шаруашылығы саласына жұмысшы кадрларды даярлайтын колледж ашылады. Бұл мәселе Қазақстан мен Қытай арасындағы бірлескен жобаның аясында қарастырылып жатыр. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады, дейді kznews.kz тілшісі.
«Бұл жобаны жүзеге асыру Қытай тарапының қаражаты есебінен жүргізіледі. Колледж білікті жұмысшылар мен орта деңгейдегі мамандарды даярлауға мүмкіндік береді», – деді ҚР Су ресурстары министрлігінің профильді департаментінің директоры Ләззат Жүсіпова.
Қазіргі уақытта тараптар болашақ оқу орнының ұйымдастырушылық-құқықтық формасын анықтап жатыр. Жоспар бойынша:
Қытайлық серіктестер оқу бағдарламаларын әзірлеуге қатысып, зертханалық базаны қамтамасыз етеді.
Студенттер теорияны нақты су шаруашылығы нысандарында тәжірибемен ұштастырады.
Қысқа мерзімді тағылымдамалар мен оқу модульдері Қытайда қарастырылған.
Колледж түлектерінің дипломдары мен сертификаттары саланың жұмыс берушілері тарапынан мойындалатын болады.
Қазіргі уақытта колледж тек жоспар кезеңінде тұр, ал мамандарды қайта даярлау корпоративтік каналдар арқылы жүргізілуде. Биыл Power China компаниясының есебінен Қытайға оқуға 200 адам жіберіледі. Былтыр көрші елде су шаруашылығы саласындағы 125 маманымыз білімін жетілдірген болатын.
Еске салайық, Қытайдың жоғары оқу орындарына құжат қабылдау басталды. «Халықаралық бағдарламалар орталығының» хабарлауынша, ҚХР 73 білім грантын ұсынып отыр.