Қоғам

Қыста көлікті қыздыру уақыты әр өңірде жеке белгіленеді: Тоқаев заңға қол қойды

Жарқын Омаров Жарқын Омаров
Қыста көлікті қыздыру уақыты әр өңірде жеке белгіленеді: Тоқаев заңға қол қойды
Фото Depositphotos.com

Енді әкімдіктер елді мекендерде қозғалтқышы қосулы тұрған автокөліктердің тұруына рұқсат етілетін уақытты өздері белгілей алады. Бұл норма Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 9 қаңтарда қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, көлік және кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда қарастырылған, деп хабарлайды kznews.kz.

Заңға сәйкес, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына көліктердің елдімекендер аумағында қозғалтқышы қосулы күйде тұру уақытына шектеу қою құзыреті беріледі. Бұл талап төтенше жағдай қызметтерінің көліктеріне қолданылмайды.

Құжатта тұрғындарға қолайсыздық тудырған жағдайда жергілікті атқарушы органдар белгілеген уақыттан артық қозғалтқышы қосулы тұрған көліктердің тұрақта тұруына тыйым салынатыны көрсетілген.

Айта кетейік, қаңтар айында тұрғын аудандарда автокөліктерді қыздыру уақытына қатысты мәселе қоғамда кеңінен талқыланған болатын. Сол кезде Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев солтүстік өңірлерде автокөлікті қыздыру үшін бес минут жеткілікті екенін айтқан еді. Ол өз сөзін дәлелдеу үшін түнде көшеде тұрған көлікті таңертең бес минутта қыздырып, тәжірибе жүргізген.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz